Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегация Алматыға келді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегация Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру үшін Алматы қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жұмыс тобының құрамында - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов бар.

Делегация алдымен №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының жанындағы консультациялық-диагностикалық педиатрия орталығына барды. Онда делегацияға қабылдау бөлімі мен хирургия кешенінің жұмысы таныстырылды. Оны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Әсел Тасмағамбетова басшылық ететін «Сәби» қайырымдылық қоры құрған. Жобаның жалпы құны - 2,5 млрд теңге.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Г. Әбдіқалықова молекулалық-генетикалық зерттеулер орталығының жұмысымен танысты. Медициналық мекеме заманауи жабдықпен: компьютерлік және магнитті-резонанстық томографтармен, сараптамалық кластағы радиографикалық рентген және ультрадыбыстық жүйелермен, ЭКГ-аппараттармен жабдықталған. Барлық үдерістер цифрлық форматта жүзеге асырылады.

Содан кейін ҚР Премьер-Министрдің орынбасары «Meyirim» мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығына барды. Орталықта 3-15 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы, әлеуметтенуі мен оқуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Орталық ашылған кезден бастап (2018 жылдың қарашасы) 200-ге жуық бала оңалту мен әлеуметтендіру шараcынан өтті.

Келесі іс-шара 2018 жылдың маусым айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтті. Онда медициналық кабинет, йога залы, компьютерлік сауаттылықты оқыту, қазақ және ағылшын тілдерін үйрету кабинеттері, сондай-ақ еңбек терапиясына арналған кабинет бар. Осы уақыт аралығында 900-ге жуық зейнеткер бассейндер мен фитнеске тегін барып, 300-ден астам қарт адам «Сұңқар» тәлімбағына, таудағы «Медеу» спорт кешеніне, Орталық мемлекеттік музейге және т.б. тегін экскурсия жасады.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметіне тексеру жүргізді. Жыл басынан бері 3,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 254-і аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққандар. 717 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. 2,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.
null

Сонымен бірге, Г. Әбдіқалықова азаматтарды қабылдады. Атап айтқанда, 4 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Жанна Тоқтасынова жұбайын жұмысқа орналастыру жөнінде өтініш білдіріп келген болатын. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін жұбайы жұмыспен қамтылуы тиіс. Мәселе шешілді - вице-премьер қала басшылығына нақты тапсырма берді.

Бірінші жұмыс күні аяқталғанда Премьер-Министрдің орынбасары «SmArt Point» коворкинг орталығының алаңында жастармен кездесті. Кездесуде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат және қоғамдық даму, білім және ғылым, денсаулық сақтау министрлері, Алматы қаласының әкімі, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері, спорт және дене шынықтыру комитеттерінің төрағалары сөз сөйледі.

Іс-шараны аша отырып, Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан сабақтастық, әділдік және прогресс принциптеріне сүйене отырып, қарыштап дамуын жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Осы үдерістерде жастар шешуші рөлдің бірін атқаруы тиіс.

Бүгінде Алматыда жастардың саны 684 мыңнан асады, олардың 218 мыңнан астамы жоғары оқу орындарының студенті. «Жастарды дамыту мен қолдаудың 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасы» іске асырылуда. 20 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. «Алматы Жастары» жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасы бойынша жас отбасылар үшін 238 тұрғын үй займы берілді. Білім беру грантының саны 1,5 есе көбейіп, 28 мыңға жетті.

Кездесуде «Inno Track» ЖШС-ның бас директоры Дархан Қызайбаевтың сөзіне ерекше назар аударылды. Оның кәсіпорны «Vollert» неміс технологиясы бойынша темір-бетонды шпалдар шығарады. Зауыттың жылдық қуаттылығы - 500 мың шпал, 100 адам жұмыс істейді. Ол талапты жастар үшін «мүмкіндіктер есігін» ашатын заманауи индустриалды саясат үшін мемлекетке алғысын білдірді.

Сондай-ақ «Youth Art» жас суретшілер ұйымының басшысы Кристина Бекмырзаеваның сөзін жұрт қызыға тыңдады. Олар «Город для людей» тұжырымдамасын іске асыруға белсене қатысып, 10 жоғары деңгейдегі шағын сәулет пішінін орнатты.

Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Г. Әбдіқалықова мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.

Делегацияның Алматы қаласындағы жұмыс сапары жалғасын табуда.

Соңғы жаңалықтар