Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Рудный жұмысшыларымен кездесті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Қостанай облысына жасаған сапарының екінші күні Рудный қаласына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен Гүлшара Әбдіқалықова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевпен бірге Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің кадрларды оқыту орталығының жұмысымен танысты. Орталық директорының міндетін атқарушы Илья Порхоменко айтқандай, қазір мұнда мамандар 7 бағыт бойынша білім алуда.

«Кадрларды оқыту орталығы біліктілікті арттыру, жұмыстағы техникалық сақтандыру, жарақат алудың алдын алу, көшбасшылыққа баулу секілді бағыттарда жұмыс істейді. Білім алушыларға барлық жағдай жасалған, техникалық жағынан қамтамасыз етілді. Өткен жылы 51643 маманды қайта оқытып шығардық. Оның 3831-і тәжірибеден өткен мамандар», - деді Илья Порхоменко.

Вице-премьер Рудныйға келген жұмыс сапарының мақсатын түсіндіріп, кен өндірушілердің сауалдарына жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жалақының уақытылы төленбеуі еңбек дауларының туындауына әкеліп соқтырады.

«Кәсіпорын мен жұмысшы арасындағы еңбек дауларының 30 проценті жалақы қарызына байланысты туындайды. Содан соң еңбек қауіпсіздігіне қатысты мәселелер. Осыған байланысты жұмыс берушілер жыл сайын жалақыны өсіріп отырғандары жөн. Соңғы 10 жылда елімізде орташа жалақы 2,5 есеге өскен. Бұл тұрғыда Қостанай облысы жақсы жұмыс атқарды», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Илья Порхоменконың сөзінше, Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі жұмысшыларының орташа жалақысы - 220 мың теңге. Ал экскаваторлар жоспарды орындағанда 320 мың теңгеге дейін алады. Ең бастысы, айлық кешіктірілмей уақытылы беріледі. Жұмысшылар барлық әлеуметтік пакетке ие болады.

Айта кетейік, Үкімет мүшелерінің облысқа сапарының мақсаты - Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру.

Соңғы жаңалықтар