Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері ақмолалықтармен кездесті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Ақмола облысында болып, бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапар аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында алға қойған міндеттерін жүзеге асыру тетіктері таныстырылды.

«Еліміз батысындағы бірқатар облыстарды аралап, әлеуметтік қамқорлық шаралары жайында ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ол өңірлердегі көкейкесті мәселелерді саралаудамыз. Ортақ түйінге келген соң жалпы елге қатысты мәселелерді жинақтап, ортақ шешімін табатын жол іздейтін боламыз. Бүгінгі күні елімізде жаңа серпінді даму кезеңі басталды», - деді Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында өткен кездесуде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.
null

Сонымен қатар, Үкімет басшысының орынбасары еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік мәселе бар екенін, оның ішінде баспана мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті.

«Барлық жерде де ең басты мәселе тұрғын үйге тіреліп отырғандығын көріп отырмыз. Бұл орайда айтатынымыз, 2025 жылға дейін жалпы еліміз бойынша 40 мың пәтер пайдалануға берілетін болады. Ал, аз қамтылған отбасыларға жалдамалы пәтерлер мамыр айынан бастап беріледі. Негізінде бұл шара табысы өте аз азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуді, білім және денсаулық сақтау салаларының қызметін жақсартуды қамтиды. Елімізде осы бір ауқымды мәселені тек қана биліктің мойнына артып қоймай, ел болып шешіп жатқан жақсы мысалдар бар», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Осы орайда, ол Қызылорда облысының кәсіпкерлері өз қаражаттарына көпбалалы аналарға тұрғын үй алып беріп жатқаны өзге өңірлердегі қалталы азаматтарға үлгі болатынын атап өтті.

«Халқымыз қашанда қиналғанға қамқор, жүдегенде жанашыр бола білген ғой. Негізгі жұмыс үш бағытта өрбиді. Атап айтқанда, ең аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек көрсету, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын өсіру, сондай-ақ медицина және білім саласына қатысты мәселелер. Бұл орайда, медицинаның алғашқы қолжетімділігі, дәрі-дәрмектің сапасы және бағасы. Ауылдық жерлердің еңсесін көтеру де кезек күттірмейтін мәселе. Бұл орайда мынадай жақсы жаңалықты екпін түсіре айта кеткен орынды болмақ. Мәселен, көпбалалы ауыл тұрғындарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар бөлінбекші. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі көпбалалы аналар мен асырауында мүгедектері бар адамдар қатарындағы кәсіпкерлерге микрокредиттер беріледі. Көлемі 500 мың теңгеден 20 миллион теңгеге дейін», - дейді Гүлшара Әбдіқалықова.
null

Бұдан бөлек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов кездесу барысында Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруға байланысты көптеген жайларға кеңінен тоқталды.

Соңғы жаңалықтар