Гүлшара Әбдіқалықова БАӘ, Мысыр және Грузияның іскер әйелдерімен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Астананың 20 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің, Мысырдың және Грузияның іскер әйелдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуге БАӘ-нің ҚР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Әл-Джабер, БАӘ Президенті жанындағы Кәсіпкер әйелдер кеңесінің президенті Ф.Камбер Әл-Авадхи, Грузияның Іскер әйелдер кеңесінің президенті Е.Маисурадзе, сондай-ақ Қазақстан, БАӘ, Мысыр бизнес қауымдастықтары өкілдері қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова өз құттықтау сөзінде ел Президенті Н.Назарбаевтың: «Қазақстанның әйелдері еліміздің Тәуелсіздігін қалыптастыру және нығайту ісіне еселі үлес қосып келеді» деген сөзіне назар аударды.

Мемлекеттік хатшы елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, ана мен баланы қорғау, әйелдер құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытында Елбасының басшысының қолдауы арқасында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

Одан соң Г.Әбдіқалықова бизнес-ортаны ұлғайту және түбегейлі жақсарту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығының бірі екенін айтты. Елімізде ЖІӨ-ге шағын және орта бизнестің қосатын үлесін 2050 жылға қарай 50%-дан кем емес мөлшерге жеткізу жөнінде стратегиялық мақсат қойылған.

«Қазақстан қазіргі уақытта шикізатқа тәуелділіктен арылу және ақылды инновациялық экономика құру саясатын жүргізуде. Осы бағытта әйелдер кәсіпкерлігі де қарқынды дамып келеді. Қазақстандық қыз-келіншектер үшін бизнесте денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ақпарат, фэшн-индустрия және т.б. салалардағы қызмет көрсету ісі басымдыққа ие. Қаржы институттарымен ынтымақтастық белсенді түрде дамытылуда», - деді Г.Әбдіқалықова.

Кездесу соңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Қазақстан, БАӘ, Мысыр және Грузияның іскер әйелдеріне зор денсаулық, мол табыс және бақ-береке тіледі. 

Соңғы жаңалықтар