Гүлмира Сатыбалды екі айға қамауға алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астана соты Гүлмира Сатыбалдыны 2 айға қамауға алуға санкция берді.Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«18 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық мамандандырылған тергеу соты күдікті Г.К. Сатыбалдыны 2 айға қамау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Тергеудің өзге деректері Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - деп жазылған хабарламада.

Еске салсақ, бір күн бұрын Қайрат Сатыбалдыұлымен бірге оның бұрынғы жұбайы да күдікке ілінген болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, агенттік Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

Оған дейін елорда соты Қайрат Сатыбалдыұлын қамауда ұстауға қатысты шешім қабылдаған еді.

«2022 жылғы 15 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - делінген таратылған мәліметте.

Сондай-ақ айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.


Соңғы жаңалықтар