Гүлмира Сағидуллина: 30 жылда медицина саласында ауқымды өзгерістер болды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО Онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, қазіргі мен бұрынғы медицина мүмкіндіктері жер мен көктей, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гүлмира Сағидуллина «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шығыс Қазақстан облысының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстелде өңір медицинасының қалай дамып келе жатқандығын айтып берді.

«1992 жылы мен медициналық институтты бітірген жас маман ретінде Өскемен қаласына жұмыс істеуге келдім. Тәуелсіздікті енді алып, тәй-тәй басып келе жатқан мемлекетіміздің медицина саласы да ол кезде енді ғана дами бастады. Шынын айту керек, бастапқы жылдары өте қиын болды. Маман жетіспеушілігі қатты сезілді, ауруханалар қажетті құрылғылармен жабдықталмаған еді. Сәйкесінше, халыққа көрсетілген медициналық көмектің сапасы да көңіл көншітпеді. Тіпті кейде 7-8 ай бойы жалақымызды ала алмай жүрдік. Жылдар өте келе жағдай дұрыстала бастады. Сөйтіп, осындай ауыр кездер артта қалды», - дейді ол.

ШҚО Онкология және хирургия орталығы директорының сөзінше, қазіргі уақытта өңірдің медицина саласы ауқымды жетістіктерге жеткен. 30 жылдың ішінде Шығыс Қазақстанда 107 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді.

«Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен облыста денсаулық сақтау саласын дамытудың арнайы бағдарламасы жасалды. Соның нәтижесінде, жыл сайын ауруханаларға қомақты қаражатқа заманауи жабдықтар сатып алынып, ақ халаттылар Еуропа елдеріне барып біліктіліктерін шыңдауда. Осы екі жұмыстың қатар атқарылғаны аса маңызды. Себебі озық құрылғыларды пайдалану үшін медицина қызметкерлерінің тиісті білімі болуы керек», - дейді Гүлмира Сағидуллина.

Өз сөзінде ол коронавирус пандемиясы медицина қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін айшықтап бергендігін айтты. Сондықтан халық денсаулығын күзететін ақ халаттыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгені құба-құп.


Соңғы жаңалықтар