Гүлмира Исимбаева балабақша жүйесіндегі алаңдататын жағдайды атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мектепке дейінгі ұйымдар желісіне 3 – 6 жастағы балалардың 95,2 пайызы қамтылған. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мемлекетіміз әрдайым білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөліп, қомақты қаржы жұмсап, оны дамыту шараларын іске асырып келеді. Соның бірі - Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

Бүгінгі күні, Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, бағдарламаның басым бөлігі іске асырылып, көрсеткіштер орындалып жатыр және оның белгілі бір нәтижелері де бар. Мәселен, мектепке дейінгі ұйымдар желісі көбейіп, 3 – 6 жастағы балалардың 95,2 пайызын қамтуға мүмкіндік берген. Қамту деңгейі жоғары, бірақ әлі 500 мыңнан астам бала өз кезегін күтіп отыр. Оның ішінде 1 – 3 жас аралығындағы 437 мың бала бар. Осы санаттағы балаларды толық қамту тұрғысынан тиісті шаралар қабылдап, олардың да есебін жүргізу қажет», - деді Г. Исимбаева Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдардағы бағдарламаның іске асырылуына арналған Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, балабақшаларды тиісті мамандығы бар кадрлармен қамту бойынша жоспарланған 50 пайыздық көрсеткіші артығымен орындалып, қазір 60 пайызға жуықтап қалды.

«Дегенмен, мектепке дейінгі ұйымдарда бала тәрбиесімен және оларды оқытумен айналысатын қызметкерлердің 40 пайызға жуығында тиісті білімнің болмауы алаңдатады. Ал мектепке дейінгі білім беру бастауыш білім секілді - тұтас білім берудің негізі болып табылады. Мектепке дейінгі ұйымдарды білікті мамандармен қамтамасыз ету - білім беру жүйесінің басым міндеттерінің бірі болуға тиіс», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар