Гүлқасима Сүйінтаева Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы болып сайланды

None
Фото: автор
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы әкімінің экс-орынбасары Гүлқасима Сүйентаева облыстық мәслихат төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыстық мәслихаттың 8-шақырылымына сайланған депутаттарға арнайы куәлік пен төсбелгі берілді. Олардың арасында бұған дейін де депуттат болғандар мен жаңа сайланған азаматтар бар. Ақтөбе облыстық мәслихатының 34 депутаты аралас сайлау жүйесі арқылы сайланды. Партиялық тізім бойынша 17, бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 17 депутат.


«Облыстық мәслихат депутаттығына 6 саяси партиядан кандидаттар ұсынылды. Ал «Сайлау туралы» Заңғы сәйкестігі тексерілген соң бюллетень тізіміне 5 саяси партия енгізілді. Нәтижесінде «Аманат» партиясынан 13, «Ауыл» партиясынан 2, «Ақ Жол» партиясынан екі мандат болып бөлінді. Сөйтіп барлығы 34 депутат тіркелді. Оның ішінде 9 адам 7-ші шақырылым депутаты. Бұл 26 % құрап отыр. Депутаттық корпуста 9-ы әйел, 25-і ер адам. Орташа жасы – 49 жас. Ең жас депутат 24 жаста. Үлкені 66 жаста», - деді Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.

Депутаттар бірден жаңа төрағаны сайлады. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Гүлқасима Сүйінтаева енді облыстық мәслихат төрағасы қызметін атқарады.

«Алдағы уақытта сіздермен бірлесіп бірқатар жұмыс атқарылады. Біріншіден, әлеуметтік әл-ауқат индексін арттыру. Екіншіден, сайлаушыларға ашық болу. Атқарылатын жұмыстардың ең басты міндеті – халық алдында борышымызды абыройлы атқару. Сондықтан алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды қолға алу керек. Сайлаушылардың депутаттарға қоятын талабы әрқашан жоғары. Сол себептен депутаттық корпус сайлаушылармен жақын болуға тиіс»,- деді облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов депутат боп сайланған ақтөбеліктерді құттықтап, алдағы жұмыстарымен бөлісті. Оның ішінде көктемгі су тасқыны кезеңінен кейінгі жұмыстар, жол құрылысы мен «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуына тоқталды.

«Әрбір сайлаудың әр жағында халықтың мүддесі жатыр. Өздеріңіз қоян-қолтық араласып, халықтың бел ортасында жүрдіңіздер. Талай әлеуметтік-экономикалық сұрақты көтердіңіздер. Бәріңізді облыстық мәслихат депутаты мандатына қол жеткізгеніңіз үшін құттықтаймын. Мен Ақтөбе облысының халқына ерекше рахмет айтамын. Үлкен саяси науқанға бір үйдің баласындай қатысты»,- деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, сайлау кезінде ақтөбеліктердің 58% өз таңдауын жасады.


Соңғы жаңалықтар