Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы-2017» байқауына қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан аруы-2016» атанған қызылордалық Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы-2017» байқауына қатысу үшін Қытайға барды. Бұл туралы «Қазақстан аруы» байқауының Инстаграмдағы ресми аккаунтында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«Біздің сұлуымыз, «Қазақстан аруы-2016» Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы» байқауына қатысу үшін бүгін Қытайға ұшып барды. Финал 18 қараша күні Санья қаласында өтеді. Қызу дайындық жұмыстары жүруде», - делінген жазбада.

Гүлбанудың өзі де Қытайдың Гуанчжоу қаласына ұшып келгенін хабарлады . 

«Бүгін менің #missworld байқауындағы алғашқы күнім. Таңғы ас ішуге бара жатырмын. Айтпақшы, мұндағы ауа райы жып-жылы, бұл маған сөзсіз ұнайды», - деп жазды Әзімханова. 

Биылғы «Әлем аруы» байқауы осымен 67-ші рет өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы байқау әлеуметтік желілер мен интерактивтілікке басымдық беретін жаңа форматта өтпек. Ол Head-to-Head Challenge деп аталады және оған 40 үздік қатысушының 20-сы іріктеп алынады.

18 жастағы Гүлбану Әзімханова өткен жылдың желтоқсан айында«Қазақстан аруы-2016» атанған еді. Тікелей эфирде көрермендер дауысының нәтижесінде жеңіске жеткен Гүлбану Қазақстанның ең сұлу аруы атанып, бес миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Сондай-ақ «Әлем аруы-2017» халықаралық байқауында Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

Кейінірек «Қазақстан аруы-2016» жеңімпазының ресми фотосессиясы жарияланды. 

Соңғы жаңалықтар