Грузияның бұрынғы бас полицейі жемқорлықты қалай жеңгендерін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан үшін жемқорлықпен күресте өзге дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенудің еш қажеті жоқ. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Жаһандану жағдайында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» атты халықаралық конференцияда Грузияның бұрынғы ішкі істер министрі, ЭЫДҰ консультанты Екатерина Згуладзе айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның өз проблемасы, өз басымдығы бар және сіздердің елдеріңіз оларды қалай шешу  жолын таба алады. Жеткілікті тәжірибелеріңіз де бар деп сенемін. Грузия тәжірибесіне қатысты бірқатар дүниені атап өте аламын».

Оның айтуынша, заң бәріне бірдей болуы тиіс.

«Адамдарды қорқытқан кезде оның қас-қағым сәттік қана әсері болады, процесті тұрақты жасай алмайды. Бізге мемлекеттік шенеуніктер үшін де жұмыс жағдайын жасау қажет. Жалақысы дұрыс болуы тиіс. Дегенмен, менің жеке тәжірибеме қарағанда, бұл да проблеманы шеше алмайды. Өйткені, шенеуніктердің қызығушылығын оятатын жемқорлық сомасын оларға жалақы ретінде төлей алмаймыз», - деді ол.

Шетелдік сарапшының айтуынша, Грузияда шенеуніктерге қоғамдық құрмет сезімін оята алған. Соның арқасында жемқорлық жойылып отыр.

«Бұл ақшадан да маңызды. Бұл көп жайтты өзгертті. Полицияны үлгі ретінде мысал келтіре кетсем, біз олардың жалақыларын қайта-қайта көтеріп, жаңа кеңселер салдық, жаңа машина сатып алып бердік. Бірақ, олардың адамдарға деген қарым-қатынасын өзгерткен дүние  - олардың қоғам құрметіне ие болу және оның өте қымбат екендігін түсінуі. Бұл ақшадан да қымбат. Себебі, өзіңде деген құрметті бір секундта жоғалтып, оны қайта қалпына келтіре алмайсың. Қазақстанда дәл осындай психологиялық құндылық бар. Сондықтан сіздерге жан-жаққа қараудың қажеті жоқ. Қазақстанда ілгерілеушілік бар. Сіздердің заңнамалық базаларыңыз дамыған өз елдерден бірде кем емес», - деді Екатерина Згуладзе.

Соңғы жаңалықтар