Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваның өліміне кінәлі адам 15 жылға сотталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Грузияда өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған жерлесіміз Әсел Айтпаеваның ісіне қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы 2 тамызда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында М-ге қатысты жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып зорлау (ҚК-тің 120-бабының 1-бөлімі), сондай-ақ абайсызда жәбiрленушi А.-ның өліміне әкеп соққан адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адамды сату фактісі бойынша айыптау үкімі шығарылды (ҚК-тің 128-бабының 2-бөлімі 4-тармағы)», - деп хабарлайды елорда сотынан.

Сотта анықталғандай, М жәбірленуші А-ға Грузияда 500 АҚШ доллар жалақы төлейтін жұмыс ұсынып, аталған елге баруына көмектескен.

«Айыпты М жәбірленуші А-ның ұйқылы-ояу күйін және дәрменсіздігін пайдаланып оны зорлаған. Одан кейін М жәбірленушіні жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу арқылы пайда табу мақсатында Грузия азаматы Б-ға тапсырған. Содан соң жәбірленуші А зорлық-зомбылықтан құтылу үшін 9 қабаттан секіріп, мерт болды», - дейді ведомстводан.

Хабарламада айтылғандай, прокурор сотталушыға зорлау фактісі бойынша (ҚК-тің 120-бабының 1-бөлімі) 5 жылға және адамды сату фактісі бойынша (ҚК-тің 128-бабының 2-бөлімі 4-тармағы) 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Осылайша кәніліні жалпы мерзімі 15 жылға бас бостандығынан айыра отырып, жазасын максималды қауіпсіздіктегі мекемеде өтеу ұсынылды.

Дегенмен сот хабарында жазылғандай жәбірленушінің өкілдері 15 жыл емес 20 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен. Сонымен қатар сотта істі болған М өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

«Сотталушының адвокаты қорғаушысының іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауды сұрады. Дегенмен оның кінәсі куәлардың түсінігімен, аудио және бейне хабарламалармен, сараптама қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді», - делінген ресми ақпаратта.

Осы орайда елорда сотынан заң талаптарын басшылыққа алу міндетті екені хабарланды.

«ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабы 1-бөлімінің санкциясы 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді және ауыр қылмыс санатына жатады. Осы бап бойынша М.-ге 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық Кодекстің 128-бабы 2-бөлімі 4-тармағының санкциясы мүлкін тәркілей отырып 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді және бұл да ауыр қылмыс ретінде саналады. Аталған бап бойынша М.-ге 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деген шешім шығарды елорда соты.

Заңға сәйкес жазаның максималды мерзімін ауыр қылмыстар бойынша 2/3, аса ауыр қылмыстар бойынша ¾ асыруға жатпайды.

«Осыған байланысты сот қылмыстық заңның талаптары шеңберінде сотталушыға максималды жазаны тағайындады. М 15 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Іс бойынша жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Жеңілдететін мән-жай ретінде М.-ның асырауында жас балаларының бар болуы ескерілді», - деп толықтырды ведомстводан.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, өткен жылы 5 мамыр күні 26 жастағы Әсел Айтпаеваның денесі Тбилиси қаласындағы бір үйдің терезесінің астынан табылған еді. Ол 9-қабаттан құлап мерт болған.

2021 жылы 16 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінен мәлім еткендей, бойжеткеннің ата-анасының арызы бойынша оның туысы М.Мейірбеков ұсталып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 128-бабымен (адам саудасы) сотқа дейінгі тергеу басталған еді.



Соңғы жаңалықтар