Грузия Ғашықтар күнін қазақстандықтармен бірге тойлайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2011 жылдан бері елімізде Ғашықтар күні аталып өтіледі. Бұл - Қозы Көрпеш - Баян сұлуға құрмет. Дәл осы уақытта грузиялықтар да Ғашықтар күнін тойлайды екен. Бұл дәстүр Кавказ елінде 1994 жылдан бастап қалыптасқан, деп жазады Хабар 24.

Қарағанды тумасы жазушы Мария Щеголихина 7 жылдан бері Тбилисиде тұрады. Шығармашылық шабытының басты көзіне айналған жары Михаил Себуа ертегі кейіпкері секілді сүйіктісін өз отанына таулы өлкеге алып кеткен. Келе-келе Марияның Грузияға деген сүйіспеншілігі де артты. Сол себептен ерлі-зайыптылар үшін 15 сәуірдің орны бөлек.

«Біздің танысуымыз кездейсоқ жағдай емес, бұл маңдайымызға жазылған деп ойлаймыз. Жаратқанның өзі оны Қарағандыға әкеліп, ал мені ол тоқтаған жерге ертіп келген. Әрине, оған ғашық болғанымды түсіндім, оның арқасында Грузияға бой үйреттім, сүйіспеншілігім күшейді. Ол маған осы елді сыйға тартқан іспетті. Осымен махаббатым он екі жыл бойы жалғасып келеді», - дейді жазушы Мария Щеголихина

«Бүгін, 15 сәуірде Грузия ғашықтар күнін атап өтіп жатыр. Бұл дата Қазақстанда да Ғашықтар күні екенін біліп, таңғалдық. Осы мейрамды міндетті түрде тойлаймыз. Қазақстан мен Грузиядағы бүкіл ғашықтарды осы мерекемен құттықтаймын. Бұл - елдерімізді біріктіретін мейрам», - деді Михаил Себуа.

Грузияда ғашықтар күнін тойлауды осыдан 24 жыл бұрын журналист Бесик Чубинидзе ұсыныпты. Осылайша ол жан жарына ерекше сый жасамақ болған. Ал ел парламенті осы бастамасын қолдап, 15 сәуірді Ғашықтар күні ретінде бекіткен.

«Қазақстанда да 2011 жылдан бері ғашықтар күні аталып жүргенін естіп, риза болдым. Махаббаттың тілі де, ұлты да жоқ, ол ғашықтар арасындағы жоғары сезім. Грузия жерінен бүкіл қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтап, мол бақыт, зор денсаулық тілеймін» ,- деді журналист Бесик Чубинидзе.

Бұл күні, әрине, гүл мен сыйлық сататын дүкендердің саудасы қызып тұр. Тбилисиде Ғашықтар үшін арнайы шаралар концерттер, кинокөрсетілімдер мен саяхаттар ұйымдастырылған. Алғашында бұл мереке батысеуропалық Валентин күніне балама ретінде ойластырылған еді. Алайда грузиндер жаңа мейрамды қуана қабылдағанмен, ескісін де әлі естен шығара қоймаған.

Соңғы жаңалықтар