Грузиндер АЛЖИР лагері туралы қойылым қоймақ

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат -Қарағанды қаласына А. С. Грибоедов атындағы Тбилиси мемлекеттік академиялық орыс театры келеді. Қойылым саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Грузия әртістері 30 мамыр күні Станиславский атындағы театр сахнасында «А. Л. Ж. И. Р.» спектаклін ұсынады. Трагедиялық қойылым негізінде хаттамалар, хаттар, фотосуреттер, куәгерлердің естеліктері секілді дәлелді деректер келтірілген. Бұл Сталин дәуірінің жантүршігерлік тарихының хроникасы.

Алжир абақтысында 8000-ға жуық әйел өмір сүрді. Олардың қатарында Грузиядан келген 300-ге жуық тұтқын бар. Спектакль соларға арналып, естелік ретінде қойылған. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың қатарында Грузияның атақты отбасылары: жазушы Борис Пильняктың әйелі Кира Андроникашвили, дирижер Евгений Микеладзенің әйелі Кетеван Орахелашвили, жазушы Болат Окуджаваның анасы Ашхен Налбандян, кинорежиссер Лев Кулиджановтың анасы Екатерина Кулиджанова, жазушы Нодар Думбадзенің анасы Александр Думбадзе-Бахтадзе және апасы Тамара Думбадзе болды.

2017 жылдың 28 сәуірінде «А. Л. Ж. И. Р.» спектаклінің премьерасы өтті. Қойылым көптеген халықаралық театр фестивальдерінде мойындалды. Барлық жеті рөлді орындаушы актрисалар Верико Анджапаридзе атындағы ұлттық театр сыйлығына ие болды.

Қоюшы-режиссер және сахналық нұсқаның авторы - Автандил Варсимашвили, Грузияның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ол К. Марджанишвили атындағы сыйлықтың лауреаты. Қойылым суретшісі - Мириан Швелидзе, Грузияның халық суретшісі, Шота Руставели атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Музыкалық безендіру Элисо Орджоникидзенікі.

Спектакльге Грузияның еңбек сіңірген әртісі Людмила Артемова-Мгебришвили, Инна Воробьева, Наталия Воронюк, Нино Кинокачишвили, Мариам Кития, София Ломджария, Анна Николава-Арутюнян қатысады.

Грибоедов театрының гастролі Қазақстанда 29 мамыр мен 3 маусым аралығында өтеді. Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагерінің деректі хроникасы Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Қарағанды, Петропавл қалаларында және саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мұражай-мемориалдық кешенінде көрсетіледі. Гастрольдерді ұйымдастырушы -Ақмола облыстық орыс драма театры.

Айта кетсек, А. С. Грибоедов атындағы Тбилиси мемлекеттік академиялық орыс драма театры -Кавказдағы алғашқы кәсіби театр ұжымы болып табылады.

Соңғы жаңалықтар