Грэпплингтен әлем чемпионы атанған қазақстандық жүлдесін қайырымдылыққа жұмсады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Грэпплингтен өткен әлем чемпионатында AIGA нұсқасы бойынша қазақстандық спортшы Самат Айтпанбет жеңімпаз атанып, 5 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.

Осы орайда спортшы ұтысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спортшының жасаған қайырымдылық ісі туралы Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлық беру барысында айтылды. Шараға Самат Айтпанбет пен армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat batyr - QTT» клубының жаттықтырушысы қатысты.

«Алдымен алғысымды өзімнің жаттықтырушым Нұрсұлтан Орынбасаровқа білдіремін. Мені үнемі қолдап, ақыл-кеңесін айтып жүреді. Осы кісінің арқасында мен таяуда Ыстанбұлда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атандым. Онда маған 5 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берді, соның жартысын құрылтайшысы менің жаттықтырушым болып отырған қайырымдылық қорына бергім келеді», - деді грэпплингтен әлем чемпионы Самат Айтпанбет.

Сондай-ақ, спортшы аталған қайырымдылық қордың әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар мен ДЦП-ға (балалардың целебралды сал ауруы) шалдыққан және жетім балаларға үлкен қолдау көрсететінін айтып өтті.

Сол сияқты қор қызметінің арқасында балалар үйінің тәрбиеленушілерінің джиу-джитсу және грэпплинг спортымен тегін айналысу мүмкіндігі туғанын жеткізді.

Өз кезегінде спортшының жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров шәкіртіне игілікті ісі үшін алғысын айтып, спортта үнемі жеңістің шыңында көрінуіне тілектістік танытты.


Соңғы жаңалықтар