ГРЕКО өкілі Қазақстанда қылмыс жасаса ешқандай иммунитеттер қолданылмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің (ГРЕКО) артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған келісімге Страсбург қаласында 2019 жылғы 15 қазанда қол қойылды.

Енгізіліп отырған заң жобасы бағалауды дайындау мен жүргізуге байланысты функцияларды орындау барысында ГРЕКО мүшелерінің өкілдері мен бағалау топтарының мүшелері мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады:

Біріншіден, жеке басын қамаудан немесе ұстаудан иммунитетті, сондай-ақ айтқандары мен жазғандарына және ресми түрде өзі жасаған барлық әрекеттерге қатысты қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құзыретіне иммунитетті пайдаланады.

Екіншіден, егер бұл мемлекеттік қауіпсіздік мақсатында кіруге тыйым салынатын немесе реттелетін аймақтар туралы қағидаларға қайшы келмеген жағдайда, олардың функцияларын орындау үшін мемлекеттің аумағында жүріп-тұру еркіндігін, оның аумағына кіруін және мемлекеттен шығуы қамтамасыз етілуге тиіс. Бірақ, айта кететін жайт, көрсетілген тұлғалар қылмыс жасаған кезінде немесе бірден жасалғаннан кейін ұсталған жағдайда ол қамауға алудан және сот қудалауынан босатылмайды.

«Тағы бір маңызды мәселе – аталған иммунитеттер тек ресми тұлға, яғни Еуропа Кеңесінің ресми өкілі ретінде жасаған әрекеттерді көздейді. Егер ГРЕКО-ның өкілі Қазақстанда жүріп жеке тұлға ретінде кез келген қылмыс жасаған жағдайда ешқандай иммунитеттер қолданылмайды. Кінәлі тұлға жауапқа тартылатын болады. Сонымен қатар, егер берілген иммуниттер сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіретін болса, аталған иммунитеттерден бас тарту процедурасы көзделген. ГРЕКО-ға қосылу еуропалық елдердің тәжірибесіне негізделген. ГРЕКО-ның ұсыныстары арқылы ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруге, мүше елдердің құзыретті органдарымен тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов,

Оның сөзіне қарағанда, ГРЕКО-ға қосылу Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенциясын ратификациялауға жол ашады. Бұл өз кезегінде қылмыскерлерді экстрадициялау, олардың заңсыз тапқан мүлкін қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар