Грекияда жүрсек те Қазақстанды ұмытпаймыз - Женя Наврозиди

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгінде Грекияның Катерини қаласында тұрып жатқан Женя Наврозиди ата-анасы Қазақстанға жер аударылғанда небәрі 13 жаста екен. Осында өсіп, күріш даласында еңбек етті. Кейіннен қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, алты бала сүйді, Құдай қосқан қосағы ертерек дүние салып, балаларын өзі аман-есен өсірді. Өз өмірінде жергілікті халықтың жылы ықыласын көріп, аялы алақан жылуын сезінген ол қашанда қазақ халқына ризашылығын білдіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде сексен жастың сеңгіріне шыққан кейуананың ата-анасы 1949 жылы Грузия республикасы құрамындағы Абхазия автономиялық ССР-нен Қызылорда облысына жер аударылған. Сол уақыттағы солақай саясат салдарынан гректерге орналасқан елді мекеннен сыртқа шығуға рұқсат етілмеді.

Олардың отбасысы қазіргі Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентіне қоныстанды. Осылайша мекенінен күштен көшірілген бірнеше отбасы жергілікті халықтың қамқорлығын көрді. Олармен етене жақсы араласты. Бойжеткен қыз беріде қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, алты баланың анасы атанады. Сүйіп қосылған жары дүниеден ерте өтті. Сол уақытта Женя кеңшарда күріштікте еңбек етеді екен. Бұдан кейін ол жас қалған балаларын өсіру үшін облыс орталығына қоныс аударуды. Қызылордада күріш зауытында, онан кейін қалалық прокуратурада тазалықшы болып жұмыс істейді.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында ол кісі тарихи отаны - Грекияға қоныс аударды. Міне, сол уақыттан бері Грекияның Катерини қаласында тұрып жатыр. Бұл - Эгей теңізі жағалауында орналасқан табиғаты көркем, туристер үшін өте тартымды қала. Ол кісінің қыздары Гуля, София, Роза бүгінде Сыр өңірінің келіні болып үлгірген. Олардан немере, шөбере көріп отырған жайы бар.

«Мен қазақтың келінімін. Қашанда ақжарқын кейпінен танбайтын қазақ халқын жақсы көремін. Басына қиын-қыстау күн туып, тағдыр тәлкегіне түскен сан түрлі ұлтты жатырқаған жоқ. Оларға құшағын ашып, бауырына басты. Олардың барлығы қазақтардың кеңпейілдігі мен мейірбандығын көрді. Бұл жаққа көшіп келгенімізге отыз жылдай уақыт болды. Грекияда жүрек те Қазақстанды ұмытпаймыз. Әлі күнге дейін қазақылықты сақтауға тырысамын. Қазақ тілін ана тілімнен артық білемін. Қоюлатып сүт қатқан шәйді кесемен ішемін. Бауырсақ пісіріп, ет асамыз. Наурызда арнайы мерекелік дастархан жаямыз. Одан осы жақта араласатын жандарға ауыз тигіземіз», - деді қария әлеуметтік желі көмегімен болған байланыста.


Соңғы жаңалықтар