Грекияда наразылық шеруі полициямен қақтығыспен аяқталды

None
Фото: AFP
АФИНЫ. ҚазАқпарат - Грекия парламенті ғимаратының алдындағы Синтагма алаңында болған наразылық акциясы полициямен қақтығыспен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Теміржол қызметкерлерінің кәсіподақтары мен түрлі қоғамдық қозғалыстар ұйымдастырған акцияға қатысушылар Лариса қаласындағы жолаушылар пойызының апатына байланысты билікті немқұрайдылық танытты деп айыптады. Оның жүк пойызымен соқтығысуы салдарынан 57 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды.

Шерушілер ел темір жолының кейбір учаскелеріне автоматты басқару жүйесін орнатпаған теміржол мекемесінің басшылығын да жауапқа тартуға шақырды.

Наразылық білдірушілерге полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған анархистік топтардың белсенділері қосылды.

Акциялар Грецияның басқа да ірі қалаларында өтті.

Акцияны ұйымдастырушылар оқыс оқиғаның себептерін әділ зерттеп, кінәлілерді жазалауды талап етті. Қаза тапқандар арасында студенттер де көп. 22 адам ауруханада жатыр, оның жетеуі жансақтау бөлімінде.

Екі пойыз бір жол бойымен бірнеше шақырым жүріп өткен соң бетпе-бет соқтығысқан. Бұл апат Грекияның бірнеше қаласында тұрғындардың наразылығын тудырды.

59 жастағы вокзал бастығы қамауға алынып, оған «абайсызда кісі өлтіру» және «дене жарақатын келтіру» баптары бойынша айып тағылды.

Ол Афинаны елдің солтүстігіндегі Салоникимен байланыстыратын 342 жолаушы мен он теміржол қызметкері бар пойызға жүк пойызымен бірдей жолды пайдалануға қалай рұқсат етілгенін түсіндіруі керек еді.

Елдің көлік министрі Джоргос Герапетритис қаза болғандардың отбасынан кешірім сұрап, «саяси жүйе мен мемлекетті толық сынады». Бұрынғы министр Костас Караманлис отставкаға кетуге өтініш берді.


Соңғы жаңалықтар