Грек-римші Мейіржан Шермаханбет Азия чемпионатының финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдың Сиянь қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионатының соңғы күні өтіп жатыр. Бүгін грек-рим күресінен бес салмақ дәрежесінде спортшылар бақтарын сынауда. Қазақстандық палуан Мейіржан Шермаханбет 67 келіде финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, Мейіржан іріктеу кезеңінде алдымен қытайлық спортшыны 9:0 есебімен жеңді. Ширек финалда ирандық Хамед Муса Таб есімді спортшыны тізе бүктірді. Жартылай финалда сириялық Абдулкарим Аль-Хасанды жарыс жолынан ығыстырып, ақтық сынға жолдама алды. Енді Мейріжан Азия чемпионатының жеңімпазы атағын Оңтүстік Корея елінің спортшысы Рю Хан Сумен сарапқа салады.

Айта кетейік, тағы үш спортшымыз Азия чемпионатының қола медальдары үшін күреседі. 72 келіде Демеу Жадраев өзбекстандық Арам Варданянмен кілемге шықса, 82 келіде Мақсат Ережепов өзбекстандық спортшы Жалгасбай Бердимуратовпен кездеседі. Ал 97 келіде Әлімхан Сыздықов ирандық Махди Аббас Алиярифейзабадимен жолығады.

60 келіде ел намысын қорғаған Мейрамбек Айнағүлов бірінші кездесуінде кореялық палуанға жеңіліп, Азия чемпионатын сәтсіз аяқтады.

Соңғы жаңалықтар