Грек-рим күресінен Азия чемпионаты: Диас Қаленге күміс медаль бұйырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен ересектер арасында Азия чемпионатында қазақстандық Диас Қален (82 келі) күміс медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы финалда қырғыз балуаны Ақылбек Талантбековке 2:3 есебімен жеңілді. Осылайша ол екінші жыл қатарынан күміс жүлдеге қол созып отыр.

Ол құрлықтық додада бұған дейін өзбекстандық Мухаммодкодир Расуловты, жапониялық Юя Маетаны жеңіп кетті.

Сондай-ақ, Олжас Сырлыбай (97 келі) қола жүлдегер атанды. Ол 3-орын үшін сайыста үндістандық Нариндер Чеманы жеңді. Қызылордалық балуан ширек финалда қырғызстандық Узур Жүсіпбековтен жеңіліп қалса, жұбаныш белдесуінде оңтүстік кореялық Сейеол Лиден басым түсті.

Бұған дейін бүгін ел құрамасынан Ибрагим Магомадов (72 келі) алтын алса, Алмат Кебіспаев (67 келі) қола жүлдегер атанды.

Еске салсақ, грек-рим күресінен жарыстың алғашқы күнінде Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) күміс жүлдегер болса, Аманғали Бекболатов (55 келі) пен Мұхамедалі Мамырбек (63 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола жүлде алды.

Енді 11-12 сәуірде әйелдер, 13-14 cәуірде еркін күрестен сайыстар өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар