GRECO атқарушы хатшысы Нұр-Сұлтандағы Antikor Ortalygy жұмысымен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (GRECO) атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито Нұр-Сұлтандағы Antikor Ortalygy-ның жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр Сұлтанға сапарының алғашқы күнінде Джанлука Эспозито елордадағы Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығында, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінде, осы департамент ғимаратында орналасқан Antikor Ortalygy-нда болды. Орталықтың жұмысымен оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев таныстырды.


«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы - GRECO қатарына енген болатын. Бұл - менің GRECO атқарушы директоры ретіндегі Қазақстанға алғашқы сапарым. Үкіметтеріңіздің жасап жатқан технологиялық сипаттағы қадамдары мені тамсандырып отыр. Таңертең Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бардым. Айта кету керек, цифрландыру - сыбайлас жемқорлықты азайтудың бір әдісі. Электронды үкімет аясында көрсетілетін барлық қызметтер мен жобалар өте маңызды және қажет», - деді Джанлука Эспозито Антикор орталығында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.


Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Нұр Сұлтан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті - елде бірінші болып «Open space» форматына өткен құқық қорғау органы. Сондай-ақ, шетелдік қонаққа «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында ашылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы таныстырылды. Бұл бюджет қаражатының жұмсалуын қоғам болып бақылауға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан GRECO-ға мүше 50-ші мемлекет атанды. Қазіргі уақытта GRECO құрамына Еуропа, Солтүстік Америка мен Азия құрлықтарында орналасқан, жалпы саны шамамен 1,2 миллиард адам тұратын мемлекеттер кіреді.



Соңғы жаңалықтар