Грантпен білім алған түлектер аудандардағы лауазымдарға конкурссыз тағайындалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылдан бастап мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнын аяқтаған түлектер аудандардағы төменгі лауазымға конкурстан өтпей тағайындалады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты заңға өзгерістер енгізілді. Біріншіден, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектеріміз аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалатын болады», - деді ол агенттіктің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның атап өтуінше, бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

«Бұл заң қабылданды. Биыл бітіретін түлектеріміз осы қағидамен жұмысқа орналасады», - деді Дархан Жазықбаев.


Соңғы жаңалықтар