23:33, 01 Желтоқсан 2022 | GMT +6
Грант алғысы келген түркістандық бойжеткен 6 млн теңгесінен айрылды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттен қайтарымсыз грант алғысы келген түркістандық бойжеткен 6 млн теңгесінен айрылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оны жақын танысы алдап кеткен. Күдікті кәсіпкерлік мақсатта мемлекет тарапынан қайтарымсыз 20 млн теңге алып беретініне сендірген. Содан өз қызметіне 6 млн теңге алған.
Жәбірленуші өзінің алданғанын 6 айдан соң бірақ түсінген.
«Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Күдікті бойжеткен жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Жалпы оның алаяқтық қылмыстың 3 фактісіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 8 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, «Алаяқтық» бабымен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.