Головкинмен жұдырықтасатын бір ғана үміткер қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маусым айында қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) DAZN стримингтік платформасында айқасқа шығады деп күтілуде, алайда оның қарсыласының кім екені әлі белгісіз, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сілтеме жасап.

Дегенмен, Геннадиймен жұдырықтасуы мүмкін екі спортшы бар еді: оның біреуі - «Претендент» спорттық реалити-шоуының жеңімпазы, америкалық Брэндон Адамс (21-2, 13 КО) болса, екіншісі - WBA және WBC рейтингтерінде Головкиннен кейін тұрған польшалық боксшы Камил Шеремета (19-0, 4 КО).

Айта кету керек, бұлардың біреуі үміткерлер тізімінен сызылып қалды - Камил Шереметаға WBC «уақытша» чемпионы Джермалл Чарлодан (28-0, 21 КО) ұсыныс түсті, алайда ол мұндай үлкен жекпе-жектерге дайын емес. Бұның себебі - Шереметаның жаттықтырушысы Федор Ляпин өзінің қарамағындағы тағы бір боксшы Кшиштоф Гловацкидің (31-1, 19 КО) дайындығына көбірек көңіл бөлуге мәжбүр. Өйткені оны да маусым айында латвиялық Майрис Бриедиспен (25-1, 18 КО) титулдық жекпе-жек күтіп тұр.

Демек, «миллиард долларлық жобада» Геннадий Головкинмен айқасатын жалғыз үміткер - Брэндон Адамс. Америкалық боксшының сөзіне сенсек, ол GGG-мен қуана-қуана бокстасады. Ол тіпті жанкүйерлеріне «нокаутқа түспеуге тырысам» деп уәде де беріп қойды.

Соңғы жаңалықтар