«Головкин-Роллс» кешінде Әли Ахмедов WBC титулы үшін айқасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Головкин-Роллс» айқасының андеркартында шаршы алаңға шығатын Әли Ахмедов WBC титулы үшін сынға түседі. Сондай-ақ, оның осы кештегі қарсыласы ауысқаны белгілі болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, 8 маусымда Нью-Йорктағы «Madison Square Garden» аренасында бокс кеші өтіп, басты кездесуде қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34КО) мен канадалық Стив Роллс (19-0, 10КО) кездеседі.

ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан кәсіпқой боксы» парақшасындағы мәліметке сәйкес, басты айқастың алдында қазақстандық боксшы Әли Ахмедов АҚШ өкілі Маркус МакДэниэлмен (15-0, 2КО) жекпе-жекке шығады. DAZN ақпаратына сүйенсек, 10 раундтық айқасқа екінші орта салмақтағы WBC International вакантты титулы тігіледі. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша жекпе-жек 9 маусым күні сағат түнгі 03.00-де басталады. Ал басты айқас - шамамен 09.00 кезінде өтеді.

Бұған дейін Әли Ахмедов 34 жастағы америкалық боксшы Абрахам Ханмен кездесетіні хабарланған болатын. Алайда бүгін оның қарсыласының ауысқаны белгілі болды.

Сонымен бірге Головкин-Роллс айқасының андеркартында шығатын тағы бір қазақстандық боксшы Бахтияр Эюбовтың ресми постері жарияланды. Оның қарсыласы - америкалық бокс жұлдызы Брайан Себальо (8-0, 4КО).

Еске салайық, 9 маусымда өтетін бокс кешіне Данияр Елеусінов те шығатыны хабарланғанымен, кейін оның белгісіз себептерге байланысты ол кеште өнер көрсетпейтіні мәлім болды.

Соңғы жаңалықтар