Головкин мен «Канело» үшінші рет жекпе-жек өткізуге келісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы қазіргі әлем чемпионы мексикалық Сауль Альварес пен сол салмақтағы IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкин үшінші рет жекпе-жек өткізуге келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz порталына сілтеме жасап.

Бұл туралы журналист Майк Коппинджер Twitter-дегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, екі жақ бірнеше ай бұрын келісімге отырған.

Журналист дереккөздерге сілтеме жасай отырып, осы айқастан «Канело» - $45 млн, ал Головкин - $30 млн табыс табатынын айтты. Екінші бокс кеші ұйымдастырушыларға $27 млн кіріс әкелгендіктен, үшінші жекпе-жек көрерменсіз өтпейді. Айқастың шамамен өтетін уақыты – 2021 жылдың мамыры.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың қыркүйегінде болған алғашқы жекпе-жек тең нәтижемен аяқталса, екінші айқаста төрешілердің шешімімен Альварес жеңіске жеткен болатын.


Соңғы жаңалықтар