Головкин мен Альварес арасында «қырғын соғыс» болады - проморолик

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - YouTube желісінде алдағы Головкин - Альварес жекпе-жегіне арналған проморолик жарияланды. Бейнебаянның атауы - "Total war", аудармасы - "Қырғын соғыс", деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, WBA Super, WBC, IBF және IBO нұсқасы бойынша төрт бірдей белбеудің иегері, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин және мексикалық Сауль «Канело» Альварестің арасындағы жекпе-жек ағымдағы жылы 16 қыркүйекте өтеді. Бұған дейін Головкиннің маусым айында ұлыбританиялық Билли Джо Сондерспен айқасуы күтілген еді. Алайда қазақстандық боксшының командасы аталған жекпе-жектен бас тартты. Промоутер Том Леффлердің айтуынша, оларға ешкім ультиматум қойған жоқ. Негізгі мақсат - бокс әлеміндегі ең үлкен жекпе-жекті жарнамалауды ертерек бастау. "Геннадий 10 маусым күні рингке шыққан жағдайда бәрін кейінге шегеруге тура келетін еді. Оскар и Golden Boy промоушенді ертерек бастағысы келді. Сөйтіп, маусымдағы жекпе-жектен бас тартудың арқасында Головкин мен Альварес арасындағы айқасты 6 мамырда жариялауға мүмкіндік туды", - дейді Леффлер.

Головкин - Альварес жекпе-жегіне жанкүйерлердің рекордтық саны жиналады деген болжам бар . Осы жекпе-жектің жеңімпазы WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Билли Джо Сондерспен (24-0, 12 КО) кездесуі әбден мүмкін. Ол жайында ұлыбританиялық боксшының промоутері Фрэнк Уоррен де айтып отыр . 

Ал Головкин мен Альварес арасындағы келісімшартқа келер болсақ, онда мексикалық боксшыға қарымта кездесуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл дегеніміз, Альварес ұтылса, Головкин міндетті түрде бұған келісуі тиіс. Ал қазақстандық боксшының өзі жеңіліп қалса, қарымта кездесуді талап ете алмайды. Boxingnews24.com сайтының журналисі Дэн Эмброузтың ойынша, Головкинге «сарыбас» мексикалық жұлдызды нокаутпен жеңу керек. Егер бұл айқас та нокаутпен аяқталса, GGG кәсіби бокстың ғана емес, PPV рейтингі шыңына да шыға алады . YouTube-тағы GOATBoxing арнасы  Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің нокауттарын салыстырып, арнайы бейнебаян жасап шығарды.

 

Соңғы жаңалықтар