Головкин айырылған титулға кімдер таласады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық Геннадий Головкиннен (38-0-1, 34 КО) алып қойған белдік үшін айқастың ұйымдастырылуына қатысты мәліметтер белгілі болды, деп жазады  Sports.kz.

IBF қаулысына сәйкес, бос тұрған титулға украиндық Сергей Деревянченко (12-0, 10 КО) мен ұйым рейтингінде 3-орында тұрған, америкалық экс-чемпион Дэниел Джейкобс (34-2, 29 КО) таласады.

Деревянченко мен Джейкобс бір-бірін жақсы таниды, боксшылардың бапкері (Андре Розье) де, менеджері (Кит Коннолли) де бір.

Коннолли BoxingTalk-қа берген сұхбатында айқастың болатынын растады: «Бұл оңай жағдай емес. Боксшылар бір-бірімен жұдырықтаспауды жөн санайды, мен де жекпе-жектің болмағанын қалап едім. Бірақ, чемпиондық титул сарапқа салынады. Сондықтан, айқас болады», - деді ол.

Конноллидің айтуынша, рингте Джейкобспен Розье жұмыс істесе, Деревянченкоға кеңестерін екінші бапкер Гэри Старк беріп тұрады.

Егер тараптар 11 шілдеге дейін өзара келісе алмаса, промоутерлік сауда белгіленеді. Оның жеңімпазы айқасты ұйымдастыру құқығына ие болады. Бүгінде Джекобстың промоутері Эдди Херн (Matchroom USA) болып табылады, ал Деревянченко Лу Дибелламен (DiBella Entertainment) жұмыс істеуде.

Еске салайық, Джейкобс мексикалық Сауль Альвареспен (49-1-2, 34 КО) жекпе-жекке ықтимал үміткерлердің бірі болған еді. Бірақ «Канело»  Головкинмен реванш өткізуді жөн көрді. 

Соңғы жаңалықтар