Головкин алдағы айқасы туралы: Екеуімізге де үйге аман-есен оралуды тілеймін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нью-Йоркте WBA Super, WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Геннадий Головкин (38-1-1, 34КО) мен оның алдағы жекпе-жектегі қарсыласы канадалық Стив Роллс (19-0, 10КО) баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында жазылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Головкин боксқа қайта оралғанына қуанышты екенін жасырмады. Ол Madison Square Garden аренасын өзінің екінші үйі деп атады. Головкин бұл жерде 5 жекпе-жегін өткізген. Роллспен 8 маусымда болатын айқас та тап осы жерде ұйымдастырылады.

«Бұл кездесуді қабылдауға келіскені үшін MSG аренасына алғыс айтамын. Мен мұнда көптеген жекпе-жегімді өткіздім: мұнда жанкүйерлер, атмосфера керемет!», - деді ол.

Бұдан кейін GGG жанкүйерлерге тамаша шоу көрсетуге уәде етті. Себебі оның және Ролсстың кәсіпқой бокстағы күндері санаулы. Осы ретте ол өзіне және қарсыласына денсаулық тіледі. «Спортшыға спортшы ретінде айтарым, осы жерде не айтылса да, ол рингте тек екеуіміз ғана болатынымызды біледі. Ең мықтысы жеңеді. Оған сәттілік тілегім келеді. Екеуімізге де үйге аман-есен оралуды тілеймін. Көп уақыт қалмады, бірақ біз фанаттарға тамаша шоу сыйлағымыз келеді», - деді ол.

Өз кезегінде Роллс Головкинге құрмет білдіре отырып, алдағы айқасына өз жоспары барын жеткізді. «Жаңалықтарды оқыдым. Онда біздің айқасты бой қыздыру жекпе-жегі деп атаған екен. «Стив Роллс кім?» деп сұрап жатыр. Сыншылар мен фанаттарға айтарым, мен 8 маусым күні жұдырықтасуға шығамын, оларға кім екенімді көрсетемін. Осы кештен кейін мен туралы ұмытпайтын боласыздар! Геннадийді қатты құрметтеймін. Бірақ 8 маусым күні әлемді есеңгіретуге бел байлап отырмын!», - деді канадалық боксшы.

Роллстың промоутері Лу ДиБелла қоластындағы шәкіртіне сенімді болса да, Геннадийге құрметін жасырмады. «Головкин - әлемнің ең үздік боксшыларының бірі, тарихта болған орта салмақтағы ең үздік спортшы, өз буынының ең үздік боксшысы және Даңқ залының келешек мүшесі. Бұл жігітті ұлы еткені, оның әрдайым бар күш-жігерін салатыны және кез келген айқасқа кәсіби тұрғыда дайын болады», - деді ол.

Еске салайық, баспасөз мәслихатынан кейін қос боксшының көз арбасу рәсімі өтті.

Бұған дейін Геннадий Головкин 8 маусым күні Madison Square Garden аренасында өтетін жекпе-жегіне билеттер сатыла бастағанын хабарлаған болатын.
null

Соңғы жаңалықтар