Головкин-Альварес реваншын биыл өткізуге не кедергі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - GGG-дің промоутері Том Леффлер Головкин-Альварес реваншы бойынша келіссөздердің басталатынын растады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі аптада мен «Golden Boy Promotions»-тің жігіттерімен кездесемін. Головкин мен Альварес арасындағы реваншты өткізу мәселесін талқылаймыз. Сондай-ақ, НВО телеарнасының өкілдерімен келіссөздер өткіземіз», - деді Т.Леффлер ESPN Deportes арнасына берген сұxбатында.

Шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметке сәйкес, Головкиннің командасы тарапынан нақты бір талап бар. Сауль Альварес реваншқа дейін үнемі допинг-сынамасын тапсырып отыруы тиіс. Невада штатының атлетикалық комиссиясы мексикалық боксшыны алты айға шеттетсе де, допинг-тесттерді тапсыруға міндеттеген жоқ. Оған қоса, «Канело» WBC-дің «Таза бокс» бағдарламасынан шығып кетті. Ал ондай боксшыларды ешкім тексермейді.

Головкиннің бапкері Абель Санчес те атлетикалық комиссияның жеңіл жазасын сынға алған болатын.

Ал спорт сарапшылары ондай шешімнің себебін түсіндірді.

Бұдан бөлек, Головкин-Альварес реваншын ұйымдастыру үшін Халықаралық бокс федерациясымен бір келісімге келу керек. Себебі аталған ұйым Мартиросянға қарсы жекпе-жектен кейін Головкинді IBF белбеуінен үміткер Сергей Девянченкомен қарсы шығуға міндеттеп отыр. Бұған дейін GGG-дің командасы 20 мың доллар төлеп, ұйымның міндеттемесін кейінге шегерген болатын.

Қазіргі кезде Том Леффлер белбеуді қорғау міндетін екінші рет ұзартуды сұрап отыр.

Айта кетейік, Головкин мен Альварестің өкілдері реванш өткізуге келісіп, IBF өз рұқсатын берсе, аталған жекпе-жек ағымдағы жылы 15 қыркүйекте өтуі әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар