Головкин-Альварес реваншы өтпейтін болды ма

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Невада штатындағы атлетикалық комиссиясы мексикалық боксшы Сауль Альваресті 18 сәуірге дейін барлық жарыстардан шеттетті. 

Себебі оның қанында «кленбутерол» атты допинг табылған болатын. Дегенмен, комиссия өз шешімін сәл кештеу шығарды. Головкиннің қаттырақ айтқан сөздері болмағанда оны да сөзбұйдаға салатындай көрінген. Енді, екі боксшының жекпе-жегі өтпей қалады деген қауіп бар. Себебі HBO-ның өзі жарнама беруді тоқтатты. Жекпе-жектің промоушені де тоқтатылды. Шынымен де, жанкүйерлер асыға күткен реваншты мамыр айында көре алмай ма? Альваресті ұзақ уақытқа шеттетсе, ол күні Головкин кіммен бокстасады? GGG-дің соңғы мәлімдемесі қаншалықты орынды болды? Онымен Генадий өз қолымен реваншты кейінге шегеріп тастамай ма? ҚазАқпарат тілшісі осы сұрақтардың төңірегінде ой тарқатып көрді.

Головкиннің қаһары қатты

Бүгінде кәсіби бокста көп жағдайда бизнестің беделі басым. Белбеуден бұрын фанаты көп боксшылардың билігі жүреді. Солар талап қояды, солардың ыңғайына жығылу қажет. Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің қарым-қатынасы да солай басталды. GGG төрт бірдей белбеудің иегері болса да, мексикалық жұлдызды екі жыл бойы күтті. Сонда алғашқы жекпе-жекті өткізу үшін үміткер чемпионды емес, чемпион үміткерді тосып жүрді. Тосып жүргені бар болсын, екіжақты келісімде реваншты талап ету құқығы тек Альвареске ғана берілді. Гонорардың біраз бөлігі де соның еншісіне жазылды. Геннадий оған да келісті. Әлі есімізде, сол жекпе-жектің промоушені кезінде «Канело»-ның командасы мексикалық боксшының фотосын тек бірінші орынға ғана қоюды талап етті. Бір ретте екі боксшы кезекті бағдарламаның түсіріліміне келсе, баннерде Геннадий бірінші болып тұр. Golden boy-дың жігіттері бірден шу көтеріп, артқы фонды ауыстыртып алды. Сонда да Головкин сыпайы мінезінен айныған жоқ. Ал жекпе-жекте екі бірдей төреші әділетсіздік жасап, жалпы есепті тең етіп шығарғанда жерлесіміз: «Ең бастысы, мен барлық титулдарымды сақтап қалдым», - деп өзін де, жанкүйерлерін де жұбатты. Бірақ іші алай-дүлей болғаны сөзсіз.

Наурыздың басында допинг дауы бұрқ ете қалды. Альварестің ақпан айындағы сынамаларынан «кленбутерол» атты допинг табылды. Аталған дәрінің көмегімен салмақты жылдам тастап, бұлшық етті қысқа уақыттың ішінде өсіруге болады екен. «Канело» бірден ат-тонын ала қашты. Бәрін Мексикада өндірілетін сиыр етіне жапты. «Соны жегенде ішіме «кленбутерол» түсіп кетті», - деп ақталды. Шынымен де, ол жақтың фермерлері сиырдың майын азайтып, етін көбірек алу үшін жаңағы затты жиі қолданады. Бұған дейін ет арқылы кленбутеролдың спортшының ағзасына өтіп кеткен жағдайлар да болды. Дегенмен, кейбір спорт сарапшылары Альварестің уәжіне сенген жоқ. «Канело» сияқты бокс жұлдызының командасы қайда қарады? Ондай спортшының өкілдері сапасыз етті қалайша байқамай қалды?» деген сұрақтар қарша борады. Біздің Геннадий болса, тағы өз қарсыласын қатты сынаған жоқ. Тергеудің әділдігіне сенемін деді. Бірақ мексикалық жұлдызға қатысты ешқандай шара қолданылмады. GGG-дің бапкері Абель Санчес алғашқы жекпе-жек кезінде Альварестің қолын дәкімен емес, арнайы лентамен орағанын жариялап, Golden boy-ды қысып көрген еді. Одан да ештеңе шықпады. Бокс ұйымдарының кейбір жылмақай басшылары да Альваресті қорғаштап шыға келді. Сөз жоқ, бұның барлығы Геннадийдің жүйкесіне әсер етпей қоймады. Көп ұзамай, Головкин «жарылды». Шыдамның таусылуына «Канелоның» алғашқы салмақ өлшеуде бәрінің көзінше белгісіз бір таблетканы жұтқаны себеп болған сияқты.

Публикация от •°Team GGG KZ | 5.05 G°vs°C 2🔥 (@war_ggg_canelo) 22 Мар 2018 в 3:06 PDT

Геннадий сол кезде оның денесінде екпенің іздерін де көргенін мәлімдеді.

«Мәселе мексикалық етте емес. «Канело» және оның командасы бәрін алдап отыр. Олар допингті қолданды. Енді, айналадағы адамдардың барлығы түк болмағандай жүр. Мен анық көрдім, «Канелоның» бұлшық еттері тым қатты өсіп кетті. Екпенің іздері де болды. Видеода ол белгісіз бір таблеткаларды қабыдап жатыр. Оскар Де Ла Хойя да сондай. Ол да таза адам емес. Фотоны алып, дәрігерлерге көрсетейік. Ең дұрысы, оларды өтірікті анықтайтын детектормен тексерейік», - деді Г.Головкин. GGG-дің ашуланғаны сонша, бірінші жекпе-жектің нәтижесін бұрмалаған адамдарды «террористер» деп атады. «Олар спортты құртып жатыр. Ондай адамдарды түрмеге отырғызу қажет. Допинг қабылдайтындарды да сол жаққа жіберу керек. Бұл Америка емес пе? Бұл жерде демократия бар ғой», - деп атап көрсетті Головкин.

null 

GGG-дің промоутері Том Леффлердің сөзіне қарағанда, дәл сол фото мен видеоны Головкинге жанкүйерлер жіберді. Барлығы мәселенің анық-қанығын комиссиядан сұрап алуға кеңес берді. Ал Абель Санческе Головкиннің «жаңа образы» ұнап отыр. Оның ойынша, GGG-дің ашуы алдағы реванштың одан да қызықты өтуіне себеп болады.

«Канело» да қаһарына мінген сияқты. Оның промоутері Оскар Де Ла Хойя GGG-ге «доктор» дәрежесін беріп, оның айтқан сөздеріне қатты ашуланғанын жеткізді. «Біріншіден, «доктор Головкиннің» мені таза емес боксшы деп айыптағаны ашуыма қатты тиді. Абель Санчес деген марионетка да дым қақпайды. Мені өтірікші деп отыр. Бұл жігіттерге сөзге абай болу керек. «Канело» үшін ештеңе айтпай-ақ қояйын. Тергеуден кейін ол өзі мәлімдеме жасайды. Ол - таза әрі әділ боксшы. Сауль де қатты ашуланып отыр. Головкиннің быт-шытын шығарамын дейді. Меніңше, Геннадий ұтылатынын сезіп отыр. Сол себепті халықтың көңілін басқа жаққа бұрып жатыр. Дәл осы сөздерінен кейін «Канело» оны нокаутпен жеңеді», - дейді Оскар Де Ла Хойя.

Реванш өтпей қалса, Головкиннің қарсыласы кім болады?

Головкиннің соңғы мәлімдемесінен кейін Невада штатының атлетикалық комиссиясы Альваресті 10 сәуірге дейін жарыстардан шеттетті. Күні кеше аталған дисквалификация тағы 8 күнге ұзартылды. ESPN арнасының журналисі Дэн Рафаэльдің айтуынша, комиссия төрағасы Боб Баннет Альварестің үстінен шағым түсіріп, осы іске қатысты тыңдауларды тағы бір аптаға ұзартса, реванш анық өтпей қалуы әбден мүмкін. Себебі арғы жағында он бес күн ғана қалады. Сосын атлетикалық комиссия көп істерді кейінге шегере бермейді. Реванш өтпей қалса, Альварестің командасына айыппұл төлеуге тура келеді. Ал Головкин өзіне басқа қарсыласты іздеуге мәжбүр болады.
null 

WBO белбеуінің иегері Билли Джо Сондерс жарақатына байланысты мауысымның аяғына дейін жұдырықтаса алмайды. Дэнни Джейкобс болса, сәуірдің аяғында Мацей Сулецкиге қарсы шығады. Арғы жағында бір-ақ апта. Сондықтан ол да Альваресті алмастыра алмайды. Джермалл Чарло да екі апта бұрын жекпе-жек өткізеді. Сонда екі боксшы ғана қалып отыр. Олар - Деметриус Андраде мен Риота Мурата. Сондай-ақ, Сергей Деревянченконы да ұмытпау қажет. Дегенмен, барлық үміткерлердің ішінде британдық Билли Джо Сондерстің орны бөлек. Себебі оның қолында соңғы белбеу бар. Головкин оны жеңіп алса, өз салмағында абсолютті чемпион атанады. GGG-дің командасы да Альварес шықпай қалса, соңғы белбеуді алуға күш салатынын айтып қалды. Биллидің өзі Головкин үшін бәрін тастап, оның айтқанына жүгірмеймін дегенге келтірді. Алайда оның промоутері Фрэнк Уорреннің сөзіне қарағанда, Биллидің жарақаты қатты емес тәрізді. «Әрине, «Канело» шықпай қалса, Головкинге мықты бір қарсылас қажет болады. Ол қарсылас - Билли Джо Сондерс. Барлық титулдарды сарапқа салып, үлкен бокс кешін ұйымдастыруға болады. Бірақ Билли қолын жарақаттап алды. Сол себепті Мартин Мюррейге қарсы жекпе-жекті 23 маусымға шегердік. 5 мамырда ринге шыға ала ма, жоқ па, оны осы аптада анықтаймыз. Билли GGG-ге қарсы шықса, 80-90 процентке емес, 100 процентке дайын болады», - деп атап көрсетті Ф.Уоррен. Оның ойынша, Головкин-Сондерс жекпе-жегін Лондонда өткізуге болады. Дегенмен, бір нәрсе анық, келіссөздер кезінде Билли Джо Сондерс өз белбеуін саудаға салып, одан барынша көп ақша шығаруға тырысады.

Невада қандай шешім қабылдайды?


Шыны керек, комиссия Альварестің дискфалификациясын жайдан-жай кейінге шегеріп отырған жоқ. Олар «Канело» сияқты кәсіби бокс жұлдызына қатысты шешімнің басқа оқиғаларға да прецендент болатынын жақсы түсінеді. Қазір мексикалық боксшыға жеңілдік жасаса, ертең басқа боксшылар да «кленбутерол» үшін жеңілдік талап етеді. Сосын әділетсіз шешімнің кесірінен Лас-Вегастың, жалпы Невада штатаның беделі түсіп кетуі мүмкін. Алдағы уақытта аталған штат үлкен жекпе-жектерден айырылып қалуы ықтимал. Сол себепті комиссия барынша әділ шешім шығаруға тырысады деген сенім бар. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, Альваресті алты айға, тіпті бір жылға бокстан шеттетуі мүмкін. Дегенмен, сол сарапшылардың ішінде комиссияның қатаң жазасына сенбейтіндер де бар. «5 мамырда Головкин-Альварес реваншы міндетті түрде өтеді», - дейді олар. Дегенмен, оған дейін Альварес комиссияның алдында ант беріп, допингті әдейі пайдаланбағанын дәлелдеуі тиіс. Өкінішке орай, «Канелоның» үнсіздігі қазіргі жағдайды ушықтырып отыр. Оның әлеуметтік желілер арқылы Головкинге қатысты «дүркін-дүркін» сөздері болмаса, допингке қатысты ешқандай түсініктеме берілген жоқ. «Сауль Альварес өзіне сенімді болса, нұр үстіне нұр. Оған қоса, бокс әлеміндегі ең танымал боксшы деген атағы бар ғой. Дегенмен, оның қазіргі әрекетін жанкүйерлер де, Невада комиссиясы да менмендік, тәкаппарлық деп қабылдайды. Егер ол допинг мәселесін өзі түсіндіре алмаса, онда 5 мамырдағы реванш анық өтпейді», - деп жазды «Los Angeles Times» газетінің журналисі Лэнс Пагмайр. Ал Boxingscene.com сайтының тілшісі Стивен Эдвардстың ойынша, Альварестің наурыз айындағы сынамалары таза болып шықса да, бас кезінде «кленбутерол» оған жаттығуға жеңіл кірісіп кетуге көмектесті. Енді, допинг табылса да, табылмаса да, дәл осы циклда Головкинге қарсы допингпен жаттығып келген боксшы шығады. Сондықтан алдағы жекпе-жекті кейінге қалдыру қажет.

null 

Әрине, жекпе-жекті өтетінін, я өтпейтінін комиссияның өзі анықтайды. Дегенмен, қазірдің өзінде HBO арнасы жарнама беруді тоқтатты. АҚШ кинотеатрлары да жарнаманы алып тастады. «Билеттерді қайтаруға болады» деген хабарландыру тарап жатыр. Бәлкім, Головкин өз мәлімдемесін жасамағанда жағдай басқаша болатын ба еді? Соған қарамастан, GGG барлығына бокстың бизнестен жоғары тұратынын көрсетті. Спортшы қанша бай болса да, барлығына ортақ ережелермен, ал, ең бастысы, жанкүйерлердің ойымен санасуға міндетті екенін мойындатты. Әрине, Головкиннің өзі үшін Альвареске қарсы реваншты ертерек өткізіп, нағыз чемпионды анықтап алған дұрыс. Ақша жағынан да, уақыт жағынан да сол тиімді. Дегенмен, Геннадий әділдік жолын таңдады. Енді, 5 мамырда реванш өтпей қалса, қыркүйек айында екі боксшы нағыз «Big Drama Show»-ды көрсетеді деген сенім бар.

Соңғы жаңалықтар