Голливудтың танымал кинопродюсерлері Қазақстанға келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - АҚШ-тың кино саласының әйгілі мамандары отандық кино индустриямен қатар еліміздің табиғаты және архитектурасымен танысатын болады. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Андрей Хазбулатов XV халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің өтуіне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Warner Bros., LIONSGATE, NBC Universal, Warner Horizon, The Discovery, Global Film Solutions секілді Голливудтың кино компанияларының продюсерлері Қазақстанда келеді. Біз олар үшін FAM (Familiarization) тур ұйымдастырмақпыз. Олар біздің еліміздің алуан түрлі фильмге арналған локация және пейзаждарымен танысады. Сондай-ақ, Қазақфильм киностудиясының жұмысын көрсетеміз. Одан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының архитектуралық нысандарымен қатар, Алматы облысы мен еліміздің батыс өңірлерін көрсететін боламыз. Голливудтың продюсерлер тобы елімізде бір апта бойы болып аталған өңірлерді көріп шығады», - деді А. Хазбулатов.

Одан бөлек, орталық басшысы ұлттық фильмдер өндірісіне қолдау білдіру мақсатында киножобаларға байқау жарияланғанын айтып өтті.

«Жуырда өтетін Еуразия халықаралық кинофестивалінің аясында біздің орталық бірлесіп кино түсіруге өтінім қабылдауды ашық деп жариялайды. Яғни киножобаларды қабылдап, іріктеуден өткен авторлар өз жобасын қорғайды. Қорғаудан соң сәтті деп танылған жағдайда кинотуындыны орталықтың қолдауымен, бірлесіп жүзеге асыратын боламыз», - деді А. Хазбулатов.

Аталған киножобалар байқауына қатысты толық ақпаратты www.filmkazakhstan.com сайты арқылы танысуға болады.

Өз кезегінде американдық «Жаһандық саясат бастамалары» компаниясының президенті Джей Фитлук Қазақстан мен АҚШ-тың кино саласы мамандарының қолға алып отырған бірлескен жобаға қатысты өз пікірін білдірді.

«Иә, кинофестиваль аясында Американың беделді кинопродюсерлерін шақырып отырмыз. Негізінен алғанда бұл екі жақ үшінде тиімді ұсыныс болып табылады. Біріншіден, Қазақстанның ішкі киноиндустриясын ілгерілетуге аса мән берілсе, екіншіден Голливуд үшін Қазақстан жаңа әрі қызықты географиялық аймақ. Тағы бір ерекше айтып өтетін жайт, бұл жоба Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары кезіндегі кездесулердің нәтижесінде жүзеге асырылғалы отыр. Өйткені, дәл сол кезде сіздердің мемлекет басшыларыңыз АҚШ-тың киноиндустрия қауымдастығының басшысы Гейл МакКиннонмен кездесті. Кездесу барысында кино өнері саласында екіжақты бірлесіп жұмыс істеу келісіміне қол жеткізді», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда әйгілі «Форсаж» фильмінің эпизодын түсіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар