Голливудтың бір фильмін дубляждау қанша тұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Таңдаулы шетелдік фильмдерді қазақша сөйлетумен айналысатын «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова бір туындыны дубляждауға қанша қаражат кететінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Ойыншықтар хикаясы-4» фильмінің тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясында айтты.

«Орта есеппен бір фильмді дубляждауға 100-150 мың АҚШ доллары кетеді. Дубляж деген актерлерді іріктеп алып, дыбыс жаза салумен шектелмейді. Бірнеше кезеңнен тұратын кешенді шаруа атқарамыз. Ақшаны біз дубляжға ғана жұмсамаймыз. Аударылған фильмді көпшілікке жеткізу үшін жарнамалап, кинотеатрларға шығамыз. Ең бірінші Disney компаниясының ғаламдық офисінен келісім алу керек. Одан кейін шығармашылық және техникалық команда жасақтаймыз. Бір ғана фильмге 60-70 адам тартылады. Кастингтен өткен негізгі дауыстарды тағы да Disney мақұлдауы керек. Анжелина Джоли, Уилл Смит сияқты әлемдік актерлер өз дауысын дубляждайтын адамды өздері таңдайды. Ең қызығы, сол таңдап алған дауыс қана 8 жыл бойы аталмыш актерді дубляждай алады», - дейді Динара Шайжүнісова.

Жоба жетекшісі дубляж шығындарының негізгі бөлігі қандай жұмыстарға кететінін де айтты.

«Кастинг өткізіліп, негізгі дубляждаушылар бекітілгеннен кейін қосымша рөлдерге көшеміз. Бүкіл мәтінді ағылшын тілінен қазақшаға тікелей аударатынымызды айта кету керек. Ол аударманы баланың танымына бейімдеу деген тағы бір жұмыс бар. Онсыз дубляж тартымсыз болады. Барлық дыбыс жолдары жазылып болғаннан кейін тағы да Disney-дің мақұлдауына жібереміз. Фильмнің ақтық сынағы Лондонда өтеді. Осы себептен де дубляж жобалары қымбатқа түседі. Бұл - Disney компаниясының барлық елдерге қойған ортақ талабы. Үндістан болса да, Жапония болса да осылай. Ақтық көрсетілім Лондондағы студияда өту керек. Одан кейінгі шығынның елеулі бөлігі фильмді алға жылжытуға кетеді. Ал уақыт жағынан келер болсақ, фильм мәтінін аударып, дубляждауға 1-2 ай кетуі мүмкін. Ал толық процесс жарты жылдан 8 айға дейін созылады», - дейді Динара Шайжүнісова.

Еске салсақ, орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында әнші Данияр Өтеген 100-ден астам отандық актер Disney компаниясының дауыс базасына енгенін айтқан.

Соңғы жаңалықтар