Голливуд Қазақстанда кино түсірмекші

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы басқарма төрағасының стратегиялық дамыту жөніндегі орынбасары Игорь Цай Лос-Анжелесте америкалық продюсерлермен келіссөз өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуге LIONSGATE, NBC Universal, Warner Horizon, The Discovery, Global Film Solutions және кино компанияларының басшылары мен өкілдері қатысқан. Продюсерлер Қазақстандағы кино өндірісі туралы жан-жақты ақпарат алған.

«Америкалық киноөндірушілердің Қазақстандағы бірегей операторы болғандықтан, кино мамандары бізбен тығыз ынтымақ орнатуға ниетті екенін атап өтті. Келесі кездесу тамыз айының соңына жоспарланып отыр. Қазақстанда бірнеше америкалық жобалардың түсірілім бойынша талықлау жүргіземіз», - дейді Игорь Цай.

Оның айтуынша, бұл келіссөзге қатысқан продюсерлер осының алдында ғана Қазақстан туралы сұрастырып, мол ақпарат жинаған.

«Біз Нұр-Сұлтан, Алматы және Маңғыстау қалалары туралы, қазақтың тарихы пен мәдениеті туралы көп мәлімет алдық. Қазірдің өзінде бірнеше нақты жоба жоспарланған. Әрине, барлық мәселелерді пысықтау үшін уақыт қажет. Бір анығы, Қазақстанда кино түсіруге мүдделіміз. Қазақстан киносы туралы жаңа заң қабылданбақшы. Бұл да ауқымды жобалардың сәтті ұйымдастырылуына негіз болады. Қазір кинематография саласындағы субсидиялардың ерекшелігін нақтылап жатырмыз», - дейді «Жаһандық саясат бастамалары» компаниясының президенті Джей Футлик.

Келіссөз барысында Қазақстандағы Голливуд өндірісін тарихи, мәдени және ғылыми тақырыптар бойынша дамытуға, Қазақстан киноиндустриясын қалыптастыруға, Голливуд кинокомпанияларымен тәжірибе алмасу есебінен отандық кадрлардың біліктілігін арттыруға қатысты пікірталас өрбіген. Жиында Голливуд алаңында «Қазақстан киносының апталығын» ұйымдастыру мәселелері де талқыланды.

Соңғы жаңалықтар