Гитлер жайлы жазып, басы дауға қалған бас редакторға қатысты сот үкімі шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы «Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам» журналының редакторы Жарылқап Қалыбайға 218400 теңге мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Мәселе «Аңыз адам», «Жұлдыз Жорамал», «Жұлдыздар отбасы» журналдарының бір санының шығарылым деректерінсіз шыққандығында болып отыр. Басылымдарды Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы сотқа берген болатын.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет хабарлады.

«Сот Жарылқап Қалыбайды ҚР Әкімшілік кодексінің 350-бабының 1-тармағы бойынша (Мерзiмдi баспа басылымдарын белгiленген шығарылым деректерiнсiз шығару, эфирде өз атауын хабарламай, сол сияқты анық емес не көрiнеу жалған шығарылым деректерiмен электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының теле- және радиобағдарламаларының эфирге шығуы) айыпты деп тауып, осы бап бойынша әр іске 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындады. Барлық әкімшілік іс бойынша айыппұл көлемі 120 (жүз жиырма) айлық есептік көрсеткішті, яғни 218400 теңгені құрады. Сот үкімі бойынша басылым тиражы тәркіленбейтін болды», - деді Қуандық Ешімет.

Естеріңізге сала кетейік, «Жұлдыздар отбасы - Аңыз Адам» журналының өткен айдағы саны фашизмнің көсемі Адольф Гитлерге арналған еді. Басылымда жарияланған «Гитлер - фашист емес» атты мақала көпшілік қауым, әсіресе ардагерлер арасында үлкен наразылық тудырған болатын.

Соңғы жаңалықтар