Гір тасын көтерген ақтөбелік келіншектер көпшілікті тәнті етті

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Алтай батыр ауылының 25 жастағы қыз-жігіттері Наурыз мерекесін ұйымдастырды. Мереке күні алғаш рет әйелдер арасында гір көтеру мен қол күрестен жарыс өтіп, ауылдағы көрініс қазақстандықтарды тәнтті етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтай батыр ауылындағы Наурыз мерекесін Әнуар Тайманов ұйымдастырды. Ол өз сыныптастарымен ақылдаса келе мүшел жасты атап өтіп, ауылдың ақсақалдарынан бата алуды жөн көрген. Ұсыныс жан-жақты қолдау тауып, 25 жастағы қыз-жігіттер жиналды. Ауылға ағаш үй тігіліп, алтыбақан құрылды. Он метрлік дастархан жайылып, Наурыз көже асылды.

«Наурыз мерекесіне орай ауылда ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті. Гір көтеру, қол күрес, жаяу жарыс, арқан тарту, үстел теннисі, қазақша күрестен жарыс өтті. Әйелдер арасында гір көтеру мен қол күресі болды. Бұл жарыстарға ауылдың барлығын қатыстыру мақсатын көздедік. Ауыл адамдары көше-көше болып, жастарына байланысты бөлініп, сайысқа түсті. Гірді 42 рет көтерген құрдасымыз Жарқынбек Молдағалиевтің анасы Қалампыр Құрманиязова жеңіске жетті. Екінші орынды Дәметкен Дүйсенбаева алды. Ол 40 рет көтерді. Ал үшінші орынды гірді 20 рет көтерген Шолпан Қалменова алды»,- деді Әнуарбек Тайманов.

Сол күні қол күрестен бірінші орынды Дәметкен Дүйсенова, екінші орынды 19 жастағы Асылай Құлбаева, үшінші орынды Ұлбосын Молдабаева жеңіп алды.

«Жыл сайын ер адамдар арасында гір көтеруден жарыс өтеді. 1992 жылы туған қыз-жігіттер ақылдаса келе, әйелдер арасында да жарыс өткізуді жөн көрдік. Барлығы келісті. Біз қызықты өтетініне сендік. Сонымен қатар, 15 күн бұрын ауылдағы мектеп, дүкенге хабарландыру ілдік. Өткен жылы өз отбасымның атынан Наурыз мерекесін өткіздім. Ол кезде УАЗ көлігін сүйреп, арқан тарту, гір көтеруден жарыс өтті. Тай жарыс та ұйымдастырылды. Бәрі ер адамдарға арналды. Ал биыл құрдастарымыз жиналды. Біз мектеп кезінде жүріп-ақ спортқа қызығып, түрлі жарыстарға қатысушы едік. Наурыз мерекесі - жыл басы.Сол күнде ерекше атап өтіп, үлкендердің батасын алуды көздеген едік. Бәрі сәтті өтті, ауыл риза»,- деді Әнуарбек Тайманов.

Ауыл халқы бұл күн үшін балаларына ризашылығын білдіріп отыр. Гір көтеруде ерекшеленіп, 8 келілік темірді қос қолымен 42 рет көтерген Қалампыр Құрманиязова бұрын да бір тойда дәл осындай сайыс болғанын еске алды. Ол кезде 30 рет көтеріп, бірінші орын алған. Ал биыл өз жетістігін жаңартып, ауыл халқын тағы бір таң қалдырды.

«Гір көтеріп, танымал болу ойымызда болған жоқ. Менің балам Жарқынбек Молдағалиев те биыл 25-ке толып жатыр. Ол сыныптастарымен ұйымдастырып, маған қатысуға өтініш жасады. Алғашында ауырып жүргенімді айтып едім, сенім білдіріп, қатысуды жөн санадым. Екінші орын алған менің келінім Дәметкен Дүйсенбаева. Мен отбасының үлкен келінімін. Біз спортпен шұғылданбаймыз, бірақ ауылда қара жұмыстың бәрін жасаймыз. Отағасының қасында жүріп кірпіш басамыз, үй саламыз. Соның бәрі қара күшті қажет ететін жұмыс»,- деді Қалампыр Құрманиязова.

Төрт баланың анасы Наурыз мерекесі ауыл үшін қызыққа толы әрі ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртатын басты мерекеге айналған айтты. Бұл күні ауыл халқы түгел көшеге шығып, бір-бірін құттықтауды парыз санайды.

Соңғы жаңалықтар