Гір спортымен айналысатын әйел: Ерен еңбектің алмайтын қамалы жоқ

None
None
РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тұратын Анастасия Севостьянова жуықта Венгрияның Будапешт шаһарында өткен гір спортынан әлем чемпионатында екі күміс алып келді. Жаны нәзік әйелдің ауыр темірді жұлқа көтеріп, биік белесті бағындыруы таңқаларлық жайт. Таңқалуымыздың тағы бір себебі – 35 жастағы әйел спортпен айналысып қана қоймай, үйіндегі ата-әжесіне қамқор болып, 3 баласын тәрбиелеп, кәсіпорында жұмыс істеп те жүр. Бұның бәріне қалай үлгеретінін ол ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат барысында айтып берді.

- Гір спортымен қалай айналыса бастадыңыз?

- Негізінен өзім бала күннен бері спортқа жақынмын. Жалпы отбасымызбен спортты жанымызға серік еттік десем артық болмас. Анам - жеңіл атлетика нұсқаушысы, туған ағам - бокстан спорт шебері.

Ал гір спортымен айналыса бастағаныма 7 жылдай болды. Әуел баста оңайға соққан жоқ. Сонда да берілмеуге бел шештім. Алғашқы нәтижелер байқалған соң қолымнан келетініне сенімім артып, «Нар тәуекел!» деп жарыстарға да қатыса бастадық.

- Ең алғаш рет қандай жарысқа қатыстыңыз?

- Шынымды айтсам, нақты қай жылы екенін ұмытып қалыппын. Әйтеуір қалалық деңгейде өткен жарыс болатын. Сол додада 2 орын алдым. Осыдан кейін бірнеше жыл қатарынан облыстық және қалалық сайыстарға қатысып жеңімпаз атандым.

Ал осы жылдың шілде айында Шығыс Қазақстан облысы Шүлбі кентінде өткен республикалық жарыста бақ сынадым. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен мықты спортшылар келді. Барымды салып үздіксіз жаттығып, күміс медальды қанжығама байладым.

- Аптасына неше күн, қанша сағаттан дайындық жасайсыз?

- Апта сайын 3-4 рет бірнеше сағаттан көбінесе түнгі уақытта дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып шұғылданамын. Ал жарыс таяғанда күн сайын қара терге малынып дайындаламын. Менің жаттықтырушым жоқ. Гір спортымен айналысатындардан ақыл-кеңес сұрап, сол бойынша дайындық жасаймын. Себебі бапкердің жұмыс кестесіне икемделе алмаймын. Үй шаруасы, жұмыс орным бар дегендей. Бәріне уақыт табуға тура келеді.

- Соның бәріне уақытты қайдан табасыз сонда?

- Мен бірінші кезекте анамын ғой. Күйеуім екеуіміз 3 бала тәрбиелеп отырмыз. Жан жарым жеке компанияда жүргізуші болып жұмыс істейді. Екі ұл, бір қызымыз бар. Олардың сабағын қаратып, үй шаруасымен айналысып, тамақ пісіремін.

Қолымызда нағашы ата-апам тұрады. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын олар көп күтімді қажет етеді. Оның үстіне күнкөріс қамы үшін жұмыс та істеймін. «Казцинк» компаниясы Риддер кен байыту комбинаты техникалық құжаттамасының маманымын.

Балаларымды залға бірге алып кететін кездер аз емес. Бір түсінгенім, адам көңілі қаласа сүйікті ісіне бәрібір уақыт табады екен. Ерен еңбектің алмайтын қамалы жоқ екендігіне көзім жетті.

- Әлем чемпионатынан жүлде аламын деп ойладыңыз ба?

- Негізі басында сол жарысқа бармаймын деп ойладым. Орын аламын деген сенімнің жоқтығынан емес, уақыт жетпей қала ма деген уайымнан. Сол кезде жолдасым көп қолдау білдіріп, «бағыңды сынап көр» деді. Тағы да «Нар тәуекел!» дедік.

Бірақ жол шығынына ақша жетпеді. Сөйтіп, жұмыстағы басшылыққа хат жазып, қаржылай қолдау көрсетуін сұрадым. Олар бетімді қақпай, 1 млн 800 мың теңге бөлді. Сол үшін компания тізгініндегі азаматтарға мың алғыс!

Сондай-ақ демеушілік танытқан Риддер қаласындағы Алексей Бобошко есімді кәсіпкерге де рахмет айтқым келеді. Күйеуім жұмыстан сұранып, бір апта бойы үйде болды. Осы жандар болмағанда жарысқа қатыса алмас едім.

Венгрияның астанасы Будапешт қаласында жер жаһанның жан жағынан кіл жүйріктер жиналыпты. 58 келіге дейінгі салмақтағы екі категорияда, атап айтқанда әуесқойлар мен ардагерлер санатында додаға түстім. 16 келілік гірді 10 минутта 160 рет жұлқа көтердім.

Осылайша, екі күміс медаль иелендім. Қуанышымда шек болмады! Қаншама уақыт, мол еңбек пен ащы тер зая кетпеді. Риддерге қайта оралғанда отбасым, әріптестерім, көрші-қолаң құшақ жая қарсы алды. Ата-апам көздеріне жас алып, ризашылығын білдірді.

- Әйел адамға үнемі гір көтеру оңай емес шығар?

- Әрине. Спорттың бұл түрі – ауыр темірді жай ғана көтеру емес, оның өзіндік қыр-сыры, техникасы бар. Әйел адамға мұндай физикалық жаттығулар қиынға соғады. Салмағы ауыр жандарға сәл оңайлау болуы мүмкін.

Ал мен сияқты жеңіл салмақтағы әйелдерге өте күрделі. Тамырларым шығып, етім ісіп, қолымның буындары сырқырайды. Бірақ жетістікке жету үшін соның бәріне шыдауға тура келеді.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар