Гималай аюлары жаңа орынға көшті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы зообағында гималай аюларына арналған жаңа вольер салынды. Қоңыр аюлар бүгін жаңа жайға қоныс аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байкал мен Будур Алматы зообағында 20 жылдан бері өмір сүріп келеді. Будур 20 жыл бұрын - Мәскеу зообағынан, Байкал - Шымкент зообағынан әкелінген.

20 жылдан бері жануарлар тот басқан темір торлы тар вольерде өмір сүріп келген.

«Біздің демеушілер зообағымыздың кезекті жұбына жаңа баспана сыйлады. Будур мен Байкал туғалы бері көк майса мен жерді көрмеген. Гималай аюлары ағашқа өрмелегенді жақсы көреді. Бірақ олардың ескі вольерінде ондай мүмкіндік болмады», - деді зообақ директоры Ержан Еркінбаев.

Аюлардың баспанасында қазір бәрі бар. Табиғи көк шөп төселген. Шағын суат, ағаш, ойыншықтар бар.

«Өткенде бір оқиға болған. Келушілердің бірі аюларды өзіне қарату үшін тас атқан. Енді ондай жағдайды болдырмау үшін екі араға әйнек орнатылды. Енді оларға ешкім тас ата алмайды. Жоба неміс маманы Питер Азбахтың кеңесімен жасалды. Автоматты жүйе мен үш қабатты триплекс пайдаланылды. Қыста аюлар ішкі апанда ұйықтайды, жазда бергі жағында жүреді», - деді жоба авторы Сергей Спицын.
Жақын арада Алматы зообағындағы Амур жолбарыстарына жаңа баспананың құрылысы басталады.

Қазіргі таңда мүйізтұмсықтардың экспозициясы аяқталып қалды, пілдердің төбесі жабылды.

Вольерлерде тазалық жұмыстары жиі жүргізіле бастады.

Соңғы жаңалықтар