Гималай асқан қазақтың ұрпағы Түркияда Парламент сайлауына түспекші

None
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алтайдан ауып, Гималай асқан қазақ көшінің бүгінгі ұрпақтары қилы кезеңде аталарын бауырына басып, баспана ұсынған Түркияның сол бір жақсылығын маңдай тер, табан ақысымен өтеп жүр. Сондай опалы перзенттің бірі – Решиде Юксел ныспылы қандасымыз. Ол 14 мамырға жоспарланған Түркиядағы Парламент сайлауына қатысуға бел байлапты.

ҚазАқпарат тілшісі Ыстанбұлды тұрақ еткен қандасымызбен аз-кем әңгіме өрбіткен еді. Соны ықшамдап ұсынып отырмыз.

- Решиде ханым, Түркияға Алтайдан ауған көшпен келген қазақтардың ұрпағы екеніңізді естіп жатырмыз. Әке-шешеңіз, өскен ортаңыз туралы айта отырсаңыз. Сіз де балалық шағыңызды әйгілі Алтай ауылында өткіздіңіз бе ?

- Мен Ыстанбұл қаласының Зейтінбұрны ауданында туып өстім. Алғашқы мектепті Зейтінбұрныда оқыдым. Жеті баланың ортаншысы болдым. Әкем Жеңіс қажы жеті баланың бәрін оқытты. Екі баласы инженер, бір баласы әскери қызметкер, бір баласы дәрігер, бір баласы фармацевт, тағы бір баласы мұғалім. Мен Ыстанбұл Университетіндегі Джеррахпаша Медициналық факультетін бітірдім. Жиырма жеті (27) жыл Денсаулық министрлігінде қызмет атқардым.

- Үлкендерден көш туралы көп естіген шығарсыз. Сол естеліктердің ішінде Сіздің таным-түсінігіңізге ерекше әсер еткен қандай оқиғалар болды ?

- Нағашы атам Омар Үкірдай, атам Ислам қажы деген адамдар еді. Біздің ауылды Қайнаш-Төкештің ауылы деп біледі. Алтайдан Түркияға 1952 жылы үлкен көшпен бірге келген екен. Былтыр Алтайдан Анадолыға келгенімізге 70 жыл болды деп тойладық. Қалибек Хәкім бастап, Алтайдан Үндістан, Кашмир жолымен келіппіз. Бізді қабылдаған Түрік өкіметінің басында Мендерес болған кез деп отыратын.

Әкемді бір үйдегі бес ағайындының бірі деп білетінбіз. Сөйтсек, алты ағайынды екен. Оны кейін білдік. Зеки деген ең үлкен ағалары ел ауған кезде бала-шағасымен басқа қалада тұрып жатады да, көштен хабары болмай қалады. Оны әкеміздің бізге неге айтпағанын білмеймін. 1980 жылы Измир қаласындағы халықаралық көрмеге атажұрттан қазақ спортшылары мен өнерпаздары келетінін естіп, Ыстанбұлдан бірнеше адам барады. Қазақстаннан барған адамдар Ыстанбұлдан келген қазақтарға ағамыздың хатын табыстап, Қайнаш-Төкештің ауылына апарып беріңдер деп аманаттайды. Хат әкемнің інісінің қолына тиеді. 1982 жылы әлгі ағамызды жол қаражатын жіберіп, Түркияға алғыздық. Қалған бауырларының ортасында, Түркияда қалғысы келген. Бірақ жалғыз ұлы, келіні мен құдалары елде болған соң баласынан ажырап кетудің реті болмады. Ақыры сол баласының қолында қайтыс болды.

Нағыш атам Омар Үкүрдай Анкарада, Атам Ислам қажы Қайсеріде жерленді. Әкем мен бір інісі, үш ағасы Ыстанбұлда көз жұмды. Солардан қалған ұрпақ біз болып отырмыз.

- Медицинадан саясатқа қалай бет бұрған едіңіз ?

- 2014 жылы зейнетке шықтым. Сол жылы «АК Партияға» (Әділет және Даму партиясы деген мағынада -ред.) мүше болдым. Ыстанбұлдағы әйелдер бөлімінде жұмыс істедім. 2015 жылы депутаттыққа кандидат болдым. Партия қатарында жүріп Президент Ердоғанның өз ұшағымен Қазақстанға бірге бардық. 2019 жылы Зейтінбұрны ауданында өткен сайлауда аудандық мәслихаттың депутаты болдым. 2021 жылы «АК Партияның» орталық «Әйелдер Қанатына» іріктелген 50 әйелдің бірі болып кірдім. 2022 жылдың 11-12 қазанында Президент Реджеп Тайып Ердоған Қазақстанға ресми сапармен барғанда делегация құрамында мен де болдым. Саясаттағы жолым осылайша қайта-қайта ата жұртыммен қауыштырып келеді.

- Алтайдан ауып, Түркиядан пана тапқан қазақтың көбінің ұрпағы қазір Еуропа елдерінде тұрып жатқанын білеміз. Өзіңіз де саяси жолыңыз қайта-қайта атажұртпен қауыштырып жүргенін айттыңыз. Сіз Түркияның медицинасына 27 жылыңызды арнапсыз. Бұл жақта әкеңіздің ағасынан тараған ұрпақ бар деп отырсыз. Қазақстанға оралғыңыз келмей ме ?

- Атажұртты жау басып, барлық пен жоқтықтың арасында қалғанымызда бізді бауырына басқан Түркияға қарызымыз бар. Сол қарызды бәріміз болмасақ та, жекелеп өтеу керек деп есептеймін. Түркияның қуаты қазіргіден де артып, қанатын қазіргіден де кеңге жаюын тілеп жүрген азаматтың бірімін. Осы жолы Парламент сайлауына түспек болғандағы түпкі мақсатым да Түркияны, отанымды дамудың жаңа даңғылына бағыттауға атсалысу еді. «АК Партияға» бұл сайлауда депутат болам деп 1800 үміткер тіркелді. Бірінші кезеңде Түркияның 85 қаласында «Бұл кісілерді танисыз ба, танымайсыз ба» деген интернет сауалнама арқылы дауыс таразыланды. Одан сүрінбей өттім. Екінші кезеңде бір министр мен бес депутаттың алдында сұхбаттасудан өттік. Осы екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, Реджеп Тайып Ердоған басында тұрған комиссияның талқысына өтіп отырмын. Енді ақсақал Бинали Йылдырымның қатысуымен 9 сәуірде сайлаудың тізіміне енетіндер анықталады. Одан өткендер 14 мамырда сайлауға қатысады.

- Ақтық іріктеуден іркілмей өтуіңізге тілектеспіз. Там-тұм әңгіменің өзінде ана тіліңізді ұмытпағаныңызды, айтар ойыңызды анық жеткізе алатыныңызды көрдік.

- Әке-шешеміз қазақ екендеріңді ұмытушы болмаңдар деп тәрбие беріп өтті. Қазақтың даналыққа толы мақал-мәтелін құлағымызға құйып отыратын. Енді қарап отырсам, сол арқылы-ақ ұлтымыздың болмысын санамызға сіңіріп, бойымызға дарытқан екен. «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Алтын да тас, тас та тас. Жақсыны жақсы тастамас» деп отыратыны есте қалыпты. Ана тілімді ұмытпағаным солардың арқасы.

- Депутаттыққа бел буғандағы мақсатыңыз Түркияға еңбек сіңіре түсу екенін айтып қалдыңыз. Ол мақсатыңыздың ішінде Қазақстанмен арадағы байланысты тереңдету сияқты жобалар бар ма ?

- Бауырлас екі елдің арасындағы байланыс қазір де жоғары деңгейде деп білемін. Оны бізде болған зілзала кезінде тағы көрдік. Алғашқылардың бірі болып көмекке ұмтылған Қазақ елі болды. Түркі мемлекеттерінің бірлестігі халықаралық ұйым болып тіркелгенін білесіздер. Осы байланыстардың нығая түсуіне Түркия азаматы, қаны қазақ жан ретінде ретінде өз септігімді тигізсем деймін. Кеше Түркияға діні бір, ділі бір деп көшкен аталарымыз бен әкелерімізге мұндай күнді көру арман ғана еді. Солардың арманын орындап, екі елдің арасын жалғай білсем, менің де арманым болмас.

- Сайлау науқаны қызғанына қарамастан сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет! Атажұртыңыздағы қандастарыңыз тілеуіңізді тілеп отыр. Сәттілік серік болсын!


Соңғы жаңалықтар