Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 369.36 EUR 431.30
RUB 5.45 CNY 53.80
Жаңалықтар

GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілді

2018 жылғы 16 қыркүйек 10:08 679
Бөлісіңіз:
GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америка Құрама Штаттарының Лас Вегас қаласындағы T-Mobile Arena-да қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль Альварестің (49-1-2, 34 КО) рематчы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Қазақстан халқының Генаға деген махаббаты еш суымайды - Мұхамедиұлы Мен боксшымын, мен спортшымын, жұмысымды жалғастыра беремін - Головкин

Бірінші раунд қарсыластардың бірін-бірі барлауымен өтті. Бір-бірін әбден зерттеген боксшылар рингте қаймықтайтындарын көрсетті. «Канело» бірінші айқастағыдай емес, бұл жолы бетпе-бет айқасқа ден қойған секілді. Алғашқы раунд  тең дәрежеде өрбіді.


GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілдіМексикалықтың алға басуы Головкинге де ыңғайлы бола түскені анық. Екінші раундта Альварестің аперкоты дөп тигенімен, Головкин раунд аяқталар тұста сол жақ қапталдан жақсы соққыларының бірін өткізді. Аталмыш раундта қарсыластардың ешқайсысының айқын басымдылығы байқала қойған жоқ.


GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілдіМексикалық рингте шапшаң көрінеді. Алайда Головкиннің де «Канелоны» әбден зерттегені көрініп тұр. Үшінші раундта боксшылардың қимылы ширай түсті. Айқас негізінен рингтің ортасында өтіп жатыр. Мексикалық соққыны үшінші раундта көп соққы жасағанымен, бәрі дарыды дейтін емес. Геннадий де жауап қайтарып-ақ бақты. «Қызықтың бәрі әлі алда» дейді айқасты тікелей эфирден жүргізіп отырған боксшы, Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев.


GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілдіТөртінші раундты Головкин белсенді бастады. Қарсыластар қаймықпай, рингтің ортасын бір-біріне беретін емес. Отандасымыз төртінші раундты еншісіне байлаған секілді. Дөп тиген бірнеше соққысы «Канелоны» есеңгіретіп тастады. Мексикалықтың қимылы алғашқы раундтағыдай ширақ емес. Бокс сырын бір кісідей білетін Бахтияр Артаевтың айтуынша, Альварестің жүйкесі сыр бере бастағандай.

 Бесінші раундта Головкин қысымды үдете түсті. Десе де, төртінші раундта кеткен есесін «Канело» қайтаруға барын салып бақты. Мексикалықтың тактикасын өзгерткені көрініп тұр. Геннадийді қыспаққа алуға барын салып жатыр. Бесінші раундта «Канелоның» қабағы жырылып кетті.

Айқастың бел ортасы - алтыншы раундта боксшылар біршама соққы алмасты. Альварес Головкиннің бүйірін аңдып, соққы жасауға тырысып көрді. Алайда ол әрекеттері нәтижесін бере қоймады. Қазақстандық алтыншы раундта қарсыласының қыспағына лайықты жауап берді.

Жетінші раундта қарсыластар бір-бірін бір уақытта сол қапталдан ұрып, екеуі де ауыр соққы алғандай көрінді. Алайда рингтің ортасын әлі бір-біріне ысырып беретін емес. Соңында Генадийдің бірнеше соққысы дөп тиіп, аталмыш раундты отандасымыз сәтті аяқтады.

Сегізінші раундта «Канелоның» бірнеше соққысы Головкинге дөп тиді. Раундтың ортасына дейін мексикалықтың басымдығы байқалғаны анық. Десе де, бетпе-бет айқас тоқтаған жоқ. Бір-бірінен қаймықпайтын боксшылардың нағыз айқасы тоғызыншы раундта да бәсеңдеген жоқ. Қанша соққы алғанымен, «Канелоның»  шегінер түрі жоқ.

Оныншы раундта Головкин бірнеше соққысымен айқасты уақытынан бұрын аяқтауға шақ қалғандай болды. Алайда қазақстандықтың бұл жойқын шабуылына Канело шыдап берді.Қос қарсыластың әбден шаршағаны байқалып тұр. Оныншы раунд Головкиннің еншісінде деп айтуға әбден болатын секілді.

Он бірінші раундта Альварес шегінгендей болды. Он раунд бойы алға басқан мексикалық сыр бере бастағандай. Джеп пен кросты қатар тигізген Головкиннің соққысы залдағы көрермендерді аяғынан тік тұрғызғаны анық. Ал раунд соңында Канело қайтадан қыспаққа алып көруге тырысқанымен, шабуылдарын аяғына дейін жеткізе алмады. Қос боксшы да нағыз темірдей төзім иелері екенін дәлелдеді.

Соңғы раундта Головкиннің сол жақтан ұрған бірнеше соққысы дөп тиді. «Канелоның» аяғы тайып бір жығылып тұрғанымен бұл нокдаун емес еді. 12-ші раундта әбден шаршаған боксшылардың айқасы осылайша нокаутсыз аяқталды.


GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілді
GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілдіТөрешілердің шешімімен тартысты жекпе-жекте Канело жеңіске жетті
GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілді

Еске сала кетсек, осыдан тура бір жыл бұрын қос боксшы Лас-Вегаста кездесу өткізіп, төрешілердің шешімімен тең түскен болатын.
GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілді

Фото: hbo.com/boxing

 

 


Басты сөздер: Геннадий Головкин, Спорт,
Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
Редактор
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
Мұрағат