GGG-Канело: Үшінші жекпе-жек кімге тиімді

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - «Ғасыр жекпе-жегі» атанған қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль Альварес (50-1-2, 34КО) арасындағы екінші жекпе-жектің өткеніне бір ай болса да, бокс жанкүйерлерінің екі жекпе-жек нәтижесі төңірегіндегі талқысы әлі күнге жалғасуда. Кім жеңді, кім жеңілді? Сондай-ақ, «GGG» жанкүйерлерін оның келесі қарсыласы және кәсіпқой бокстағы болашағы турасындағы сұрақтар мазалауда,. «ҚазАқпарат» ХАА «GGG» төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерге жауап іздеп көрді.

Геннадий Головкин Сауль Альваресті жеңді ме?

Қазақстандық боксшы үшін Сауль Альварес кәсіпқой мансабындағы ең мықты қарсылас екенін бәрі біледі.

«GGG» VS «Canelo» алғашқы жекпе-жегі ұзақ келіссөздерден кейін 2017 жылдың 16 қыркүйегінде Лас-Вегас қаласында өтті. Кездесу қорытындысында, екі боксшы төрешілердің шешімімен тең тарқасты (110-118,115-113,114-114).

Жекпе жектен кейін, екі боксшы да рингте тұрып төрешілер шешіміне келіспейтінін айтты. «Canelo» екінші жекпе-жекке шығатынын мәлім етсе, «GGG» чемпиондық атақтарын қорғап қалғанына қуанды.

Жекпе-жек қорытындысы көп дау туғызды. Бокс жанкүйерлері, бокс сарапшылары және танымал боксшылар қазақстандық боксшының айқын басымдықпен жеңіске жетті деген пікір білдірген еді.

Ауыр салмақта танымал чемпион Ленокс Льюис Twitter парақшасында айқас жайлы былай дейді:

«Меніңше, Головкин таза жеңді. Альварестің аяғына дейін шыдағаны ұнады. Негізі, төрешілер күлкілі шешім шығарды. Екі боксшы да барын салды. Алайда, тең түсетіндей ештеңе болған жоқ».

Сондай-ақ, Джордж Форман, Мэнни Пакьяо, Девон Александр сынды аға буын боксшылар және Сергей Ковалев, Теренс Кроуфорд және Билли Джо Сондерс сияқты әлем чемпиондары Головкиннің жеңгеніне шәк келтірмейді. Олардың пікіріне сүйенсек, «GGG»-ға қиянат жасалған.

Статистика мәліметіне жүгінсек, Головкин бұл жекпе-жекте қарсыласына 703 соққы жасап, соның 218-ін дәл тигізген. Ал Альваресдің жасаған 505 соққысының 169-ы дөп тиген.

Көпке созылған дау-дамай, допинг оқиғасы және келіссөздерден кейін, «GGG» VS «Canelo» II қарымта жекпе-жегі биыл 16 қыркүйек күні тағы Лас-Вегас қаласындағы T-mobile аренасында өтті.

12 раундтық жұдырықтасудан кейін, төрешілер  Сауль Альваресті жеңіске лайық деп бағалады (115-113,114-114,115-113). Осылайша, Геннадий Головкиннің орта салмақтағы ұзақ жылдарға созылған үстемдігі аяқталды. Алайда төрешілердің шешімі төңірегіндегі бокс сүйер қауымның пікірі екіге жарылып, Альварестің жеңісі тағы да күмән тудырды.

Қарымта кездесу Альварестің батыл қимылы және Головкинді тығырыққа тіреуімен ерекшеленді. Бұл жолы біз өзгеше «Канелоға» куә болдық және алғаш рет «GGG»-ның артқа шегінгенін байқадық. Дей тұрғанмен, отандасымыз соққы жасау және белсенділік жағынан бәсеңдеген жоқ. Керісінше көбірек соққысын дәл бағыттап, жеңіске деген ұмтылысын көрсетті. Ал «Канелоның» алдыға ұмтылуы, жылдамдығы және ауыр соққыға төзімділігі төрешілердің оң бағасын алған сыңайлы.

Ресми статистикаға сүйенсек, Головкин 12 раундта 879 жұдырық сілтеп, оның 234-ін дәл тигізген (26.6%). Ал Альварес 622 жұдырық сілтеп, оның 202-сін дарытқан (32.5%). Әрине, бұл статистика жекпе-жек тағдырын шешпегенімен, «GGG»-ның басымдығын дәлелдей алады.

Орындалмаған арман...

Сауль Альварес орта салмаққа келерден бұрын, Геннадий Головкин бұл салмақта теңдессіз чемпион еді. Оның басты мақсаты чемпиондық атақтарын қорғау саны бойынша жаңа рекорд орнату және орта салмақтағы барлық бокс ұйымдарының (WBC,WBA,IBO,IBF және WBO) чемпиондық белдіктерін біріктіру болатын.

Альварестің допинг дауынан кейін Геннадий Головкин армениялық Ванес Мартиросянды (36-3-1, 21 КО) жеңіп, Бернард Хопкинстың рекордын қайталады. «Канеломен» екінші кездесу, отандасымызға бокс тарихында жаңа рекорд қалдыруға мүмкіндік бермеді.

Сонымен қатар, Геннадий Головкин «Канеломен» екінші жекпе-жек өткізу үшін міндетті қарсыласы Сергей Деревянченкомен (12-0-0,10КО) жұдырықтасудан бас тартып, IBF-тың чемпиондық белдігінен айырылды. Сондай-ақ, ол WBO белдігі үшін жекпе-жекті де кейінге қалдырып келді. Қазақстандық боксшының орта салмақты толықтай бағындыруына тек WBO чемпиондық белдігі ғана жетіспеген болатын.

«GGG»-дың болашағы не болмақ?

Альвареспен екі жекпе-жек Головкиннің кәсіпқой бокстағы мансабында ең үлкен ақшалай табыс табуына мүмкіндік берді. Әрине, бұл чемпиондық атақтардан маңызды емес. Себебі, «Ғасыр жекпе-жегінің» жеңімпазы бүгінгі күннің ең мықты боксшысы атанатын еді.

Жеңіске жеткен «Canelo» бұл күндері атақ-абыройы бұрынғыдан еселене түсіп, бокс әлеміндегі ең қымбат спортшылардың біріне айналып үлгерді. Сондай-ақ, бұл жеңіс оған алдағы жоспарларын еркін құруға және үлкен табыс табуына жол ашты. Себебі, мексикалық небәрі 28 жаста екенін ескерсек, ол алда тағы басқа салмақтарды бағындыруды жоспарлап отыр.

«GGG» биыл 36 жаста. Бұл бокс үшін айтарлықтай үлкен жас деп айтуға болады. Ал үшінші жекпе-жектің болу-болмауын Альварестің шешетіні белгілі. Шындап келгенде, «GGG»-дың алдағы жоспары «Канеломен» тығыз байланысты болып отыр.

Бұл күнде отандасымыз әлі де ең танымал боксшылар қатарында. Сонымен қатар, орта салмақта әлі үш чемпиондық белдік бар. Жекпе-жектен кейін Алварес IBO белдігінен бас тартқан болатын. Жақында британдық Билли Джо Сондерс допинг дауынан кейін WBO белдігінен айырылды. Сондай-ақ, «GGG-ден» жеңілген Дэниэл Джейкобс (34-2-0,29КО) Деревянченкомен IBF белдігін сарапқа салмақшы. Головкиннің жеңімпазбен чемпиондық атаққа таласу мүмкіндігі бар.

Алвареспен үшінші рет айқасу керек пе?

WBC ұйымы жақында Алвареске бір жекпе-жекті еркін өткізуіне рұқсат беріп, Жермалл Чарлоны (27-0, 21 КО) Головкиннің міндетті қарсыласы ретінде бекітті. Ал боксшының менеджері Том Леффлер келесі қарсылас ретінде WBA тұрақты чемпионы Риота Муратаны (14-1, 11 КО) қарастырып отырғанын айтты. Алайда, бұл екі жекпе-жекте экс-әлем чемпионы үшін тиімді емес.

Себебі, Головкин міндетті қарсыластарды жеңгенімен, Алварестің үшінші жекпе-жекке келісім беру-бермеуі екіталай. Оның шарттары отандасымызға тиімсіз болары анық, сондай-ақ ол үшін «GGG» тағы уақытын сарп етіп, бірнеше жекпе-жекті артық өткізеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтің промоутері Эдди Хирн басқаратын DAZN стримингтік қызметі Геннадий Головкинді қатарына қосуды қалайтынын айтқан еді. Алайда, мексикалық «Canelo» тағы ерте қимылдап, DAZN қызметімен алдағы 11 жекпе-жекке 365 миллион долларлық келісім жасасып үлгерді. Егер «GGG» DAZN қызметі қатарына қосылмаса, үшінші жекпе-жекке айтарлықтай кедергі келері анық. Ал DAZN қызметі енді қазақстандыққа жақсы қаржылай келісім ұсынуына көз жеткізе алмаймыз. Демек, «Canelo» үшінші жекпе-жекке барынша кедергілер жасап бағады.

Сайып келгенде Алвареспен үшінші жекпе-жекте Головкин барлық жағынан басымдыққа ие бола алмай отыр. Алдыңғы екі кездесу мұның айқын дәлелі. Сондықтан, Джейкобс пен Деревянченко жеңімпазы оған қайта орта салмақтың чемпионы атануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «GGG» қайта чемпион атанса, басқа салмақты бағындыруға не болмаса үшінші жекпе-жекте басымдық алуына алғышарт жасалады. Әрине, чемпион ретінде спорттық мансабын аяқтау айтарлықтай абырой екені сөзсіз. 

Соңғы жаңалықтар