GGG-дің промоутері Лёффлердің жеке компаниясы немен айналысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Том Лёффлер өзінің «360 Promotions» промоутерлік компаниясына 3-4 мықты боксшыны тартуды көздейді. Алайда Геннадий Головкинмен арадағы әріптестікті де жалғастыратын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, «K2 Ukraine»-мен әріптестік байланыстар үзілмейді. Лёффлер бұрынғыдай Геннадий Головкин, Александр Усик, Сессилия Брэкхус сынды боксшыларды кеңінен таныту жұмыстарымен айналысатын болады. Алдағы мақсат - GGG-дің Сауль Альвареске қарсы реваншын ұйымдастыру. «Ал «360 Promotions»-тің жұмысын бірге алып жүру мәселесіне келер болсақ, ол жағынан ешқандай қиындық болмайды деп ойлаймын. Мен 50 боксшымен келісімге отырайын деп жатқан жоқпын ғой. Біз 3-4 мықты спортшыны тартып, солармен тығыз жұмыс істейтін боламыз. Головкинді әлемге қалай таныттық, оларды да солай танытатын ойымыз бар», - деді Т. Лёффлер FightNews сайтына берген сұхбатында.

Промоутердің сөзіне қарағанда, компания дарынды боксшыларды іріктеп алуға тырысады. Ол үшін әрбір боксшыға қатаң талаптар қойылады. «Жігіттердің бойында дарын ғана емес, үздіксіз жұмыс істеуге деген құлшыныс болуы қажет. Мен әрбір боксшының рингтен тыс жерде немен айналысатынына да баса назар аударамын. Қолымнан келетін жұмыстың бәрін істеймін, есесіне боксшыдан да соны талап етемін», - деп атап көрсетті Т. Лёффлер.

Айта кетейік, бүгінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкин «K2 Ukraine» промоутерлік компаниясымен жұмыс істейді. Оны ағайынды Кличколар құрған болатын. Дегенмен, Головкиннің «GGG Promotions» компаниясы да бар.

Соңғы жаңалықтар