Гейдар Әлиев және түркі әлемі: астанада халықаралық конференция өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада әзербайжан халқының ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Гейдар Әлиев және түркі әлемі» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияны Түркі академиясы және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры ұйымдастырды. Шарада алғаш болып сөз алған академия президенті Шахин Мұстафаев Гейдар Әлиевтің Әзербайжанның мемлекеттігі мен түркі әлемінің ғасырлар бойғы тарихындағы бірегей тұлға екенін атап өтті.

«Тарих – ұлы адамдардың идеялары мен істеріне негізделген. Гейдар Әлиевтің есімі қазіргі Әзербайжанның, оның тәуелсіздігі мен бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде табысты дамуының символына айналды. Гейдар Әлиев халықтарымызды біріктіру және жақындастыру үшін зор күш жұмсады», - деді Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев.

Ол сондай-ақ, Гейдар Әлиевтің Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы тығыз қарым-қатынас, сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастық орнату жолындағы еңбегіне тоқталды.

Ал, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Гейдар Алиевтің 100 жылдығына орай деректі фильм мен басқа да жарияланымдар шығып жатқанын айтып өтті.

«Жақында екі ел президенттерінің кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гейдар Әлиевтің әзербайжан халқының нағыз бренді екенін атап өтті. Ол екі халықты байланыстыратын көпір сияқты. Осы күнге орай, ұлы тұлғаға арналған фильм әзірленді. Сонымен қатар, біздің ақпараттық порталдарымызда Гейдар Әлиевтің еңбегіне қатысты материалдар жарияланды. Айта кету керек, жақында ашылған Гейдар Әлиев атындағы көше бауырлас елдерімізді одан әрі жақындастырды», - деді министр.

Конференция аясында «Qazaqstan» телеарнасы дайындаған Гейдар Әлиевтің өмірі мен еңбегі туралы «Ғазиз ғұмыр» деректі фильмі қатысушылар назарына ұсынылды.

Еске сала кетейік, 10 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астананың орталығындағы Гейдар Әлиев атындағы көшені салтанатты түрде ашқан болатын.


Соңғы жаңалықтар