Германияға жылына 6 млн тоннаға дейін мұнай экспорттай аламыз – Болат Ақшолақов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Германияға жылына 6 млн тоннаға дейін мұнай экспорттай алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жылына 6 млн тоннаға дейін мұнай экспорттай аламыз. Дегенмен, Германияның қажеттілігі бұдан жоғары. Біз Ресей Федерациясындағы әріптестеріміздің ресми растауын күттік. Өйткені, өнім олардың шекарасы арқылы өтеді. Ауызша растау алдық. Сондықтан проблема болмауы тиіс деп ойлаймын. Жазбаша растау әлі жоқ», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, Қазақстанның Германияға мұнай жеткізуге мүмкіндігі бар.

Негізгі мәселе – Германия тарапының тұтыну көлеміне қатысты тапсырысы. Сонымен қатар министр еліміз бен Ресей арасында ешқандай проблема жоқтығын баса айтты.

«Жылына жалпы 1,5 млн тоннаға дейін болуы мүмкін. Бірақ, біз жылына 6 млн тоннаға дейін жеткізе аламыз», - деді Болат Ақшолақов.

Бұған дейін «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылы Германияға 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды жеткізу үшін «Транснефть» компаниясына өтінім бергенін хабарлаған едік.


Фото: PhotoStock10 / Shutterstock

Соңғы жаңалықтар