Германиядан Қазақстанға салынатын тікелей инвестиция қайта қалпына келе бастады
2022 жылғы 12 мамыр 15:37

Германиядан Қазақстанға салынатын тікелей инвестиция қайта қалпына келе бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Германиядан Қазақстанға салынатын тікелей инвестиция қайта қалпына келе бастады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 2020 жылғы құлдыраудан кейін көрсеткіштердің (Германиядан тікелей инвестиция) қайта қалпына келе бастағанын байқап отырмыз. Қазақстанда герман капиталы салынған шамамен мыңға жуық жұмыс істеп тұрған кәсіпорын тіркелген. Олардың қатарында Simens, BASS, Knauf, Lindo, Меtro сынды компаниялар бар. Жұмысы теңқұқылық пен өзара тиімділік ұстанымы негізінде құрылған бірлескен кәсіпорындар елдеріміздің арасындағы тауар айналымының артуына септігін тигізеді. Еліміздің аумағында герман өнімдерінің санын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құрады», - деді Роман Скляр елордада өтіп жатқан Қазақстан-герман бизнес форумында.

Үкімет басшысының бірінші орынбасарының атап өтуінше, екі елдің ынтымақтастығын дамытуда Герман экономикасының шығыс комитеті, ГФР Сауда-өнеркәсіп және сыртқы сауда палатасы маңызды рөлге ие. Бұл құрылымдар Қазақстан мен Германияның бизнес саласын біріктіріп қана қоймай, сонымен бірге экономикалық серіктестікті кеңейту үшін идеялар генераторы да бола алады.

«Пандемия кезінде герман бизнесімен онлайн кездесу өткізу дәстүрге айналды. Машина жасау, логистика, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, тау-кен металлургия кешені, банк, экспортты қаржыландыру сынды түрлі бағытта мұндай 19 онлайн кездесу өткізілді», - деді ол.


Jańalyqtar

MURAǴAT