Германиядағы су тасқынынан 19 адам көз жұмды

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Германияның батысына соққан «Бернд» циклонынан туындаған күшті нөсер 19 адамның өмірін қиды. Тағы 60-қа жуық адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы ҚазАқпарат DW-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Германияда қатты нөсер салдарынан Рейнланд-Пфальц федералды жерінің Арвайлер аймағында алты үй құлады. Тағы бірнеше ғимараттың құлау қаупі бар.

Германияның батысындағы түрлі аудандарда апаттан 19 адам көз жұмып, 60-қа жуық адам хабар-ошарсыз кетті. Су тасқыны Рейн және салаларының жағасындағы көптеген қалаларда орын алды.

Адамдарды құтқару үшін тікұшақтар тартылды. Арвайлер аймағында үздіксіз нөсер мен су тасқынының салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті әкімшілік адамдарды мүмкіндігінше үйде болуға және қажет болған жағдайда жоғарғы қабаттарға көшуге шақырды.

Вупперталь полициясының хабарлауынша, нөсер кезінде 82 жастағы ер адам үйінің су басқан жертөлесіне түсіп кеткен. Қайғылы оқиға Золинген қаласында орын алған. Зейнеткер ауруханаға жеткізілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Солтүстік Рейн-Вестфалия федералды жеріндегі Меркишер-Крайс аймағында 46 және 52 жастағы екі өрт сөндіруші қайтыс болды. Кельннің су басқан жертөлелерінде өрт сөндірушілер екі адамның мәйітін тапты. Арвайлер ауданында төрт адам су тасқынының құрбаны болды. Ойскирхен округінің билігі бейсенбіде сегіз адамның қаза тапқаны туралы хабарлады. Унна округінде тағы бір адам суға батып кетті.

Қатты жаңбыр мен су тасқыны электр қуатын өшіріп, сондай-ақ Рейнланд-Пфальц, Солтүстік Рейн-Вестфалия және Саардың көптеген бөліктерінде ауыз судың тоқтап қалуына себеп болды. Айфель тауларында орналасқан елді мекендерде барлық мектеп жабылды.

Германияның негізгі теміржол операторы Deutsche Bahn концерні жолаушыларға жақын күндері Солтүстік Рейн – Вестфалияға және осы федералды жерден тыс жерлерге барудан бас тартуға шақырды, өйткені оның аумағындағы көптеген теміржол учаскелері су астында қалып, пойыз қозғалысына жарамсыз болып қалған.

Солтүстік Рейн – Вестфалия федералды жерінің премьер-министрі, Германия канцлері лауазымына кандидат Армин Лашет (Armin Laschet) су тасқынынан қатты зардап шеккен Хаген қаласына баруға ниетті.

Бұған дейін хабарланғанындай, Бельгияда су тасқыны салдарынан алты адам көз жұмды.


Соңғы жаңалықтар