Германияда инфляция 8 пайызға жақындады

None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Германия Федералдық статистикалық басқармасының мәліметінше, елдегі инфляция маусым және шілде айларында аздап төмендегеннен кейін тамызда қайтадан өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ағымдағы айда бағаның өсу деңгейі 7,9% деңгейінде белгіленді. Газ салығы, жанармайға жеңілдіктердің аяқталуы және 9 еуролық концессиялық рұқсаттың алынып тасталуы жыл соңына дейін инфляцияны 10%-ға дейін көтеруі мүмкін, деп мәлімдеді Commerzbank-тің бас экономисі Йорг Кремер Reuters агенттігіне.

Неміс баспасөзі өсім экономистер болжамынан жоғары болды деп жазады. Мамырдағы 7,9%-дан шілдеде 7,5%-ға дейін төмендегеннен кейін сарапшылар тамызда бұл көрсеткіш 7,8%-ды құрайды деп күтті.

Бағаның ең үлкен өсімі энергетика саласында байқалды. Украинадағы жағдай мен Ресейге қарсы санкциялар Германияны қыс мезгіліне дейін ресейлік газға тәуелділігін азайту шараларын қабылдауға итермеледі.

2022 жылдың тамызында Германияда энергия бағасы бір жыл бұрынғы аймен салыстырғанда 35,6%-ға қымбаттады.

Германияда ерекше жылдам инфляцияны бастан өткерген тағы бір сектор – азық-түлік бағасы, Ол маусымда 12% құраса, тамызда 16,6%-ға жеткен.

Ел тұрғындарына қаржылық дауылға төтеп беруге көмектесу үшін күзде ең төменгі жалақыны көбейтіп, газ салығын азайту жоспарлануда.

Сондай-ақ, экономистер Еуропа Орталық банкі еуроаймақтағы дағдарыспен күресу үшін пайыздық мөлшерлемелерді көтеруі мүмкін деп шамалап отыр.


Соңғы жаңалықтар