Германияда инфляция 10 пайызға жетті

None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Қыркүйек айында Германияда инфляция рекордтық 10%-ға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл ретте жетекші экономикалық сараптама орталықтары Германия экономикасы рецессияға түседі деп есептейді.

Жоғары энергия мен азық-түлік бағасының қысымынан Германияда қыркүйекте инфляция 10%-ға дейін өсті. Ағымдағы жылдың тамыз айында бұл көрсеткіш 7,9 пайызды құрады.

Destatis федералды статистикалық кеңсесінің мәліметінше, 2022 жылдың қыркүйегінде энергия бағасы өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 43,9% жоғары болды.

Статистика басқармасы жағдайды жанармайға субсидиялаудың тоқтатылуы және 9 еуро көлемінде жеңілдетілген қоғамдық көлік билетінің берілмеуі қиындатқанын атап өтті.

Германия канцлері Олаф Шольц бейсенбі күні энергетикалық дағдарысқа байланысты 150-200 млрд еуро көлемінде көмек көрсету жоспарын жариялады.

«Германия үкіметі бағаның төмендеуі үшін бәрін жасайды», - деді О.Шольц баспасөз мәслихатында.

Аналитикалық орталықтардың болжамынша, газ нарығындағы дағдарыс, энергия бағасының тез өсуі және сатып алудың айтарлықтай төмендеуі Германия экономикасын рецессияға итермелейді, деп жазады жергілікті БАҚ.

RWI талдау орталығының экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Торстен Шмидтің айтуынша, энергияның жоғары құны Германияны рецессияға итермелейтін жетекші фактор болды.

Шмидт БАҚ брифингінде Еуропаның ең ірі экономикасы 2022 жылдың екінші жартысында қысқаратынын айтты.

Жаһандық COVID-19 пандемиясынан толық қалпына келмеуі – Германияның экономикалық болашағына әсер ететін факторлардың бірі.


Соңғы жаңалықтар