Германияда бірыңғай жол жүру билеті қолданысқа енгізілді

Фото: Фото: Michael Probst/ The AP
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Германияда бірыңғай жол жүру билеті қолданысқа енгізілді. Ол көліктің барлық дерлік түріне жарамды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.

Тұрғындарды қоғамдық көлікті пайдалануға тарту науқаны аясында Германияда жол жүру билеті қолданысқа енгізілді. Бірыңғай билеттің бағасы – 49 еуро.

Ел тұрғындары 1 мамырдан бастап осы билетпен пойызда, трамвай, автобус, метро мен паромдарда жүре бастады. Тек жүрдек пойыздар мен алыс қашықтыққа қатынайтын автобустарда жолақысы бөлек төленеді.

Көлік министрінің мәлімдеуінше, бұл – «ауаның ластануын азайтуға және қымбатшылық дағдарысын еңсеруге» бағытталған қадам.

Жол жүру билетін смартфондардағы қосымша арқылы немесе чип-карта түрінде пайдалануға болады. Болжам бойынша, бұл билеттің бағасы бірте-бірте қымбаттауы мүмкін.

Өткен жылдың жазында, 1 маусым мен 31 тамыз аралығында Германияда 9 еуролық жол жүру билеті болған. Оны 50 млн астам адам пайдаланған.

Айта кетсек, жеке көліктен бас тарту идеясы Люксембургте тиімді жүзеге асқан. Ол жақта үш жыл бұрын қоғамдық көлікте жүру тегін болды.


Соңғы жаңалықтар