Германияда 2 қарашадан бастап локдаун енгізіледі

None
None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Германияда коронавирустың жылдам өршуіне байланысты жаңа шектеу шаралары енгізілді. Тиісті шешімді сәрсенбі, 28 қазан күні Канцлер Ангела Меркель және 16 федералды жердің премьер-министрлері қабылдады. «ҚазАқпарат» ХАА бұл туралы dw.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қараша айында ел тұрғындары әлеуметтік қарым-қатынасты барынша азайтуға міндеттелді. Барлық көңіл көтеру орындары, мейманханалар, дәмханалар мен көптеген қызмет көрсету нысаны бір айға жабылады.

Жаңа шектеулер 2 қарашадан бастап айдың соңына дейін енгізіліп отыр.

А.Меркель баспасөз мәслихатында мәлім еткендей, соңғы 10 күнде неміс клиникаларының интенсивті терапия бөлімшелеріндегі науқастар саны екі есеге артқан, 9 күнде өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған науқастар саны екі есеге көбейген. «Алдағы уақытта денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің артуын болдырмау үшін уақыт созбай әрекет ету қажет», - деді Меркель.

Оның айтуынша, пандемиямен күрестегі ең маңызды мәселенің бірі – коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған тұлғаларды бақылау. Дегенмен, қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласы мұндай контактілердің 75 пайызға жуығына бақылау жүргізуге қауқарсыз.

Әлеуметтік байланыс барынша шектеледі

2 қарашадан ел азаматтары өз үйлерінен тыс аумақта әлеуметтік қарым-қатынасты барынша азайтуы тиіс. Қоғамдық орында екі үйдің адамдарына (10 адамнан артық емес) ғана кездесуге рұқсат. Көшелердегі, тұрғын үйлердегі және жекеменшік учаскелердегі өзге кездесулер мен мерекелерге тыйым салынады. Талапты сақтамағандар жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ алдағы айда жеке сапарлардан, туған-туыстарға барудан бас тарту ұсынылып отыр.

ГФР қонақүйлері келушілерді дәлелді себеппен ғана қабылдай алады. Туристерді қабылдауға тыйым бар.

Қандай нысандардың жұмысына рұқсат?

Германияда барлық көңіл көтеру, демалыс мекемелері – театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, көрме орталықтары, ойын салондары, казино, демалыс саябақтары, фитнес-клубтар, кәсіби емес спортклубтар, жүзу бассейндері жабылады. Бұл ретте, далада жеке адамдардың спортпен шұғылдануына рұқсат беріліп отыр.

Бұдан бөлек, қызмет көрсету орындары – массаж, сұлулық салондары жабылады.

Мейрамханалар мен кафелер де қызметін тоқтатады. Дегенмен, «өзімен алып кету» шартымен тамақ сататын нысандардың жұмысы жалғасады.

Шаштараздар мен физиотерапиялық кабинеттердің жұмысы тоқтамайды.

Мектептер мен балабақшалар қалыпты режимде жұмыс істей береді.

Жаңа шектеулер кәсіпқой спортқа да қатысты болып отыр. Кез келген матчтар, соның ішінде Бундеслигадағы жарыстар – көрермендерсіз өтеді.

Мәлім етілгендей, карантиндік талаптар екі аптадан кейін қайта қаралуы мүмкін.

Меркель мен федералды жерлердің премьер-министрлері екі аптадан соң кездесіп, қабылданған шаралардың қойылған міндетке сәйкес келуін тексермек. Қажет болған жағдайда шектеулерге өзгеріс енгізу жоспарланған.

Айта кетейік, Германияда соңғы тәулікте коронавирус 15 мыңға жуық адамнан анықталды. Бұл, өткен сәрсенбімен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Және бұл, пандемия басталғалы ең үлкен көрсеткіш.


Соңғы жаңалықтар