Германия Ресей мұнайын импорттаудан бас тартады - Bloomberg
2022 жылғы 16 мамыр 16:44

Германия Ресей мұнайын импорттаудан бас тартады - Bloomberg

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Германия үкіметі Еуропалық Одақ мұнай эмбаргосын енгізуге келіспесе де, осы жылдың соңына дейін Ресей мұнайын жеткізуден бас тартпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Мұндай ақпаратты неміс министрлер кабинетіндегі дереккөзге сілтеме жасай отырып Bloomberg хабарлады. Онда атап өтілгендей, ГФР үкіметі баламалы көздерден мұнай жеткізу мәселесін алты-жеті ай ішінде шеше алады.

Батыс журналистерінің мәліметінше, ГФР Ресейден мұнай импортын Украинадағы оқиғалар басталғалы бері энергия ресурстары импортының жалпы көлемінде 35-тен 12 пайызға дейін қысқартты. Сондай-ақ, Германия билігі баламалы энергия жеткізетін елдермен келіссөздерді күшейтті. Bloomberg сұхбаттасушылары неміс министрлер кабинеті Германияның 6-7 ай ішінде осы проблемамен байланысты логистикалық мәселелерді шеше алатындығына сенімді деп сендірді.

Агенттіктің хабарлауынша, Германия билігі бұл мәселені Балтық маңындағы неміс порты арқылы зауытты отынмен қамтамасыз ету арқылы шешуді жоспарлап отыр.

Бүгін Еуропалық Одақтың сыртқы істер министрлері Брюссельде кездесу өткізіп жатыр, онда Ресейге қарсы келесі санкциялар пакеті, тағы басқа мәселелер талқыланады.


Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT